вторник, 16 апреля 2024 г.
icon
448.56
icon
478.03
icon
4.79
Алматы:
icon
11oC
Астана:
icon
16oC
1xadv
×

Отан қорғаушы – 2018: Оралда әскери-патриоттық шара өтті

Жасөспірімдерге жауынгерлік рухта тәрбие беру, әскери қызметтің имиджін көтеру мақсатында Орал қаласында  облыстық «Отан қорғаушы - 2018» әскери-патриоттық  ойыны өтті.

ҚР Қарулы күштерінің 26 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл сайысқа Ақ Жайық өңіріндегі кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған БҚО білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің бас маманы Айжан Испенбетованың айтуынша, жас ұрпақты патриотизмге, отаншылдық, елжандылық рухқа, елді, жерді сүюге, қорғауға тәрбиелеуде мұндай шаралардың алар орны зор.

31 команда сынға түскен сайыс барысында қатысушылар алдымен саптық дайындықтан шеберлік байқасты. Онда әр команданың киім киісі, жүріс-тұрысы, саптық басқарудағы командирлік дағдылары мен әнді бұзбай шырқаулары да қазылар алқасының назарында болды. Содан соң пневматикалық  мылтықтан ату, арқан тарту, дартс, гранат лақтыру, белтемірге тартылу, автоматты жинастыру және бөлшектеу секілді кезеңдерінен өтті.

«Отан қорғаушы - 2018» әскери-патриоттық ойынының қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан индустриалды колледжі үздік болды. Екінші орынға Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі мен Құрманғазы атындағы саз колледжнің командасы ие болса, үшінші орын Ж. Досмұхамедов  атындағы педколледж бен А. Иманов атындағы колледжге және Шыңғырлау колледжіне бұйырды.  

«Қытай халқының «Жасық темірден шеге жа­сауға бол­майды, ал жасық жігіттен жауын­гер шықпайды» деген сөзі бар. Расында со­лай, егер жастарды шынық­ты­рып, ширықтырып өсірмесе, қажет кез­де жанып, қайрап тұрмаса, ер­тең одан Отанын қорғайтын жігерлі жігіт шыға ма? Сон­дықтан елінің жалынды пат­рио­ты болуы үшін балаларды жас­тайынан жауынгерлікке іске тәр­биелеп, ертеңгі ел қамын жей­тін ер етіп өсіруіміз керек. Бұл бағытта біздің оқу орнында тиісті оқу-тәрбие жұмыстары жүргізіліп, қажетті іс-шаралар алынып жатыр. Студенттеріміз облыстық қана емес, республикалық байқаулардан да топ жарып жүр. Ал кейбір түрлектеріміз әскери қызметте де қатарының алды болуда. Соған орай ата-анасына, оқу орнына, аудан, облыс басшыларының атына полк жетекшілерінен алғыс хаттар келуде. Олар да кезінде осындай сайыстарға қатысып, шыңдалған еді. Қазір соның жемісін көруде», —дейді Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Манарбек Әмірғалиев.

Ернар ХАЙДАР,

Орал қаласы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0