понедельник, 28 апреля 2025 г.
icon
515.03
icon
584.82
icon
6.24
Алматы:
icon
18oC
Астана:
icon
15oC
×

Назарбаев БҚО-дағы іс-сапарында: Біздің бар үмітіміз – жастарда

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оралдағы оқушылар мен жастар сарайында белсенді жастармен кездесті, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Елімізде жастар мен жас мамандарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы жөнінде жастармен әңгімелескен Нұрсұлтан Әбішұлы цифрлық және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан заманында бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеп өсірудің маңызды екенін атап өтті.

«Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуға тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз – жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Содан соң сөз алған жастар өздерін қолдауға бағытталған саясаты үшін Елбасына ризашылықтарын білдірді. Мәселен,  М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Зарина Ықсанова Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында облыста жаңадан жатақханалар салынып жатқаны жастар үшін үлкен қуаныш екендігін жеткізді. Ал жас кәсіпкер Асхат Рамазанов өзінің жаңа жобаларымен таныстырды. Жергілікті «AQJAYIQ» телеарнасының редакторы Нина Павлычева «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған «Медиа этика» кітабын оқып, көкейге түйгендігін айтса, 1991 жылы Президент есімін қойған Нұрсұлтан Сақпаев ұшқыш болуды бала кезден армандағанын, қазір соның орындалып жатқанын жеткізді.

Елбасы жастарға қазіргі уақытта мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер жасалып отырғанын айтып, оларға жаңашылдық жолында табыс тіледі.

Президент оқушылар мен жастар сарайындағы Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов атындағы бокс залында жас былғары қолғап шеберлерімен де емен-жарқын әңгімелесті. Балғын спортшылар Елбасына болашақта Ақ Жайық өңірінен шыққан Данияр Елеусінов сияқты әлемдік жарыстарда топ жаруға уәде берді.

Ернар ХАЙДАР,

Орал қаласы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0