пятница, 26 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
9oC
Астана:
icon
10oC
1xadv
×

Ел тірегі болатын ердің рухын ояту маңызды

Қазір республикамыздың өзге өңірлеріндегідей БҚО қорғаныс істер басқармасында да қызу қарбалас. Өйткені 18-27 жас аралығындағы әскери борышын өтемеген жігіттерді Қарулы Күштер сапына шақыру науқаны жүріп жатыр, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Биылғы көктемгі шақырылымда Ақ Жайық өңірінен 800-ге жуық жас азаматтық борышын өтеуге аттанбақшы. Қазірдің өзінде оның жартысына жуығы әскери бөлімдерге кетті.

Облыс бойынша 18 бен 27 жас аралығында 5 мыңнан астам жігіт әскерге шақыруға жататындар есебінде тұр. Бірақ олардың арасында салмақтың жетіспеушілігі, қан қысымы, майтабан, жүрек-қан тамыры ауруы, көру қабілетінің нашарлығы сынды дертке шалдыққандар аз емес. Мамандар мұны жастардың дене шынықтырумен жүйелі айналыспауымен, смартфонға әуестігімен, үйде жөнді әрі құнарлы тамақ ішпеуімен, уақтылы дәрігерлерге қаралмауымен байланыстырады. 

БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, подполковник Мұратбек Сәрсенғалиевтың айтуынша, Отан қорғау ісіне балаларды оқушы күнінен тәрбиелеу аса маңызды. Сондықтан департамент қызметкерлері мектептер мен колледждердегі және жоғары оқу орындарындағы кездесулерге жиі қатысады. Подполковник, әсіресе, әскери-патриоттық клубтардың жұмысын жүйелеу керектігін айтады. Оралда әскери клубтар баршылық. Бірақ қоғамдық негізде қызмет ететіндіктен, клуб жетекшілігіне баратын мамандардың тұрақтауы қиынға соғуда. Сондықтан мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдеріне арнайы сағат бөлінсе, әскери-патриоттық тәрбие беру жандана түсер еді деп есептейді.

«Батыр бабаларымыздың ерлік дәстүрі ұрпақтар сабақтастығының өзегіне айналуы тиіс. Біздің тарихымыз кемел. Ғасырлар қойнауында аңыз болып қалған таңғажайып оқиғалар, аламан ұрыстар туралы дерек жеткілікті. Жерімізге көз алартқан дұшпан әскері келгенде қазақ жауынгерлері «сен тұр, мен атайын»  деп, ерлік ісіне бел буып, жекпе-жекке шығу үшін қасқайып даяр тұратын. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел қорғаған батырларымыздың жорықты жолы, даңқты ізі өшпеді. «Белдескеннің белін сындыр, тірескеннің тізесін бүктір. Қайратыңа әдісіңді жолдас ет, әдісіңе ақылыңды жолдас ет» деген Бауыржан Момышұлы секілді аптал азаматтар ерлік дәстүрін жалғады. Олардың рухы әлі күнге өр кейіпте үн қатқандай. Жастарымыздың жігерін ширатып, еңсесін биік ұстау үшін әскери саланың сын-тезінен өткізген дұрыс. Бала тәрбиесі отбасынан басталады. «Ұл әкеге қарап оқ жонады». Ата-ана балаларына ел қорғауды, тәуелсіздік туын қастерлеуді ерте үйреткендері жөн. Бір жағынан, мектептегі тәрбиелік шаралар қайнап жатуы тиіс. Қорғаныс саласының мамандары да әскери-патриоттық тәрбие беру ісіне атсалысуға әр кез даяр. Сала ардагерлерімен кездесу, қаладағы әскери құрылымдар базаларында өтетін «Ашық есік» күніне қатыстыру, музей жәдігерлерін көрсету, мәдени ескерткіштер тарихын баяндау балалардың ой-санасын шыңдайды. Ел тірегі болатын ердің рухын ояту осыдан басталады», — деді Мұратбек Сәрсенғалиев.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0