среда, 24 апреля 2024 г.
icon
445.66
icon
474.58
icon
4.78
Алматы:
icon
14oC
Астана:
icon
7oC
1xadv
×

«Жасыл ел» батысқазақстандықтарды жұмысқа шақырады

1 маусымнан бастап «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа еңбек маусымы ашылатыны белгілі. Соған орай қазір батысқазақстандық жастарды жұмысқа қабылдау шаралары жүруде, деп хабарлайды NewTimes.kz.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары БҚО штабының менеджері Әйгерім Ғалиеваның айтуынша, биыл Ақ Жайық өңірінде 1175 жас жұмыспен қамтылмақшы. Оның жартысына жуығын, яғни 500 квотаны Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесі бөліп отыр, ал 390 жас Орал, Бөрлі, Шыңғырлау, Тайпақ, Чапаев, Ақжайық, Январцев, Орда орман шаруашылықтарында еңбек етсе, қалғаны Бөрлі, Жаңақала, Қаратөбе, Қазталов, Жымпиты, Тасқала аудандарының орталықтарында жұмыс істейді. Биылғы еңбек маусымындағы ерекшелік сол, Орал қаласындағы жұмыс көлемі артып, жобаға Тасқала, Қаратөбе сынды аудандар тартылып отыр. Ал «жасылелдіктердің» қатарына дені сау, 16-29 жас аралығындағы жұмыссыз жандар қабылданады. Олардың еңбекақысы 64 567 теңгені құрайды.

Маусымнан қазан айының белортасына дейін созалатын бұл еңбек шарасы кезінде жастар негізінен орман алқаптарын тазалау, қопсыту, терек егу, түптеу, тал-теректерді әктеу, екпелерді суару сынды жұмыстарды атқарады. Сондай-ақ олар гүлдерді қопсытып, белгілі бір аумақтарды қоқыстан арылтып, саябақтарды, шаруашылық құрылымдарын тазартып, әктейді.

Айта кетейік, былтыр батысқазақстандық «жасылелдіктер» 2,5 мың түп тал-терек егіп, облыстың 1260 гектар аумағын тазартып, өңдеуге атсалысты.

«Бұл жоба жастарды жұмысқа тарта отырып, олардың бойындағы ел мен жерге деген сүйіспеншілігі мен еңбекке деген ынталарын оятуға бағытталған. Олардың жақсы азамат болып қалыптасуына тигізер септігі де мол. Сөйтіп жаз айларында уақыттарын босқа өткізбей, қаражат тауып, ата-анаға қолғабыс болса, екінші жағынан қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосады», — дейді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары БҚО штабының жетекшісі Қанат Досмағамбетов.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0