четверг, 25 апреля 2024 г.
icon
443.85
icon
474.3
icon
4.8
Алматы:
icon
19oC
Астана:
icon
10oC
1xadv
×

Батысқазақстандық жастар дәнекерлеуші мамандығына қызығушылық танытуда

Өңірдегі және көрші облыстардағы кен орындары мен өндіріс ошақтарында бұл кәсіп иелеріне деген сұраныс жоғары, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Дәнекерлеуші болғысы келетін Жайық жастары негізінен Орал политехникалық колледжіне оқуға түсуге талпынады. Себебі, бұл оқу орнының материалдық-техникалық базасы мықты, тәлімгерлерінің тәжірибесіне қоса халықаралық дәрежедегі сертификаттары бар. Содан болса керек, соңғы жылдары жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік біріншілігінен аталмыш білім орында дәнекерлеушіге оқып жатқан студенттер құр қол қайтып көрген жоқ. Екі жыл қатарынан 2-орын алса, былтыр үздік деп танылды. Студенттер Астанада өтетін ұлттық чемпионатта да жақсы нәтиже көрсетуде. Мәселен, 2016 жылы республикалық жарыста студент Максим Сумкин 2-орын алды.

«2011 жылдан бастап кәсіптік білім беру саласына нақты көңіл бөліне бастады. Биыл 32 млн. теңгеге дәнекерлеушілерді оқытуға қажетті заманауи жабдықтар алынды. Бес мамандықтың, 29 біліктіліктің ішінен электргазбен дәнекерлеуші мамандығына жабдықтар алдық. Өйткені бұл мамандыққа сұраныс жоғары. Жыл сайын дәнкерлеуші түлектер 100 пайыз жұмыспен қамтылады. Биыл да солай болады деп күтілуде», — дейді аталмыш колледж директорының кәсіби білім беру жөніндегі орынбасары Жанат Нұрахметова.

Мұндағы студенттер 3-курста дәнекерлеу жұмыстарымен айналысып, өздері табыс табады. Өндірістік шеберлер оларға бағыт-бағдар беріп отырады. Сөйтіп жинаған қаржыларына дәнекерлеу аппараттарын сатып алып, тапсырыспен жұмыс істеп жүрген жастар аз емес. Сондай жастың бірі - Ақжайық ауданының Қызылжар елді мекенінен келген Қуаныш Бектасов.

«Өндірістік оқыту шебері Нұрлан Нұрышев ағайымыздың жөн сілтеуімен мамандығымыздың қыр-сырына қанығудамыз. Қазір бір жеке кәсіпкердің тапсырыстарын орындап жатырмыз. Негізінен турник, боксерлік ринг, балалардың ойын алаңдарын жасаудамыз. Оқи жүріп, табыс тауып жүрміз. Мамандығым өзіме ұнайды. Қазірдің өзінде жұмысқа шақырып жатқандар бар. Мұның артында колледжіміздің беделі, оқытушыларымыздан алған тәлім-тәрбие жатқаны анық. Сол себепті біз олардың атына кір келтірмеуге тырысамыз», — дейді ол.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0