суббота, 27 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
5oC
Астана:
icon
4oC
1xadv
×

Баскетбол деген бір сиқыр: Батысқазақстандық жастардың спортқа деген қызығушылығы зор

Ақ Жайық өңірінде кенже дамыған спорт  түрінің бірі – баскетбол. БҚО құрамасының жасақталғанына бес-алты жылдай уақыт болды. Десек те қазіргі таңда батысқазақстандық жастардың бұл спортқа деген қызығушылығы зор, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Жайық жастарының бойындағы қызығушылықтың артуына биылғы жыл басында Оралға баскетбол бойынша қандастарымыздың арасынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтың келуі де себепші болды. Айта кетейік, Ақ Жайық өңірі ол кісінің бабаларымның туған жері болып саналады. Сол себепті бүгінде Мәскеуде тұратын даңқты спортшы облыс басшылығының шақыруын қуанышпен қабыл алды. Оралдағы кинотеатрлардың бірінде 1972 жылы Мюнхен олимпиадасында КСРО мен АҚШ арасындағы баскетболдан өткен финалдық ойын арқау болған «Движение верх» фильмін ол өңір жастарымен бірге көріп, пікірімен бөлісті. Артынан жас баскетболшыларға шеберлік сыныбын өткізді.

Баскетболдан БҚО құрамасының бас бапкері Досым Қуанаевтың сөзіне қарағанда, Әлжан Мүсірбекұлының сапары жергілікті спортшыларға ғана емес, жалпы батысқазақстандықтарға тың серпін бергендей. Яғни жасөсірімдердің өздері келуінің, не ата-аналар балаларын апаруының нәтижесінде баскетбол секциясына қатысып жүргендердің қатары көбейген. Қазіргі таңда облыста 400-ге жуық  жастар мен жасөспірім баскетболмен айналысуда. Бұл өткен жылдардағы көрсеткіштен едәуіп көп. Сондай-ақ Орал қаласы мен аудан орталықтарында спорттық алаңдардың бойкөтеруі де бұл іске оң әсерін тигізуде.

«Жыл басында баскетбол және стритболдан облыстық федерация құрылды. Оны құрудағы басты мақсаттың бірі – аудандардағы спорт мектептері жанынан баскетбол бөлімін ашу. Қазір Бөрлі, Бөкей ордасы, Шыңғырлау, Тасқала, Зеленов аудандарында баскетбол бөлімі бар. Аталған  аудандардағы  құрама командалар  облыстық жарыстарға қатысып, шеберліктерін шыңдап жүр. Енді қалған аудандарда секция ашу бағытында жұмыстар жүргізіп жатырмыз», — дейді ол.

Баскетболды ақжайықтық арулар да жақсы меңгеруде. Мәселен, БҚО-ның қыздар құрамасының команданың ойыншысы Ділназ Еркебай - Астана қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервтерінің республикалық мамандандырылған колледжінің студенті. Ал Нұрайна Сейілханова баскетболдан Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанды. Спорт шебері атағын алған ол қазір Ақтөбе құрама командасының сапында ойнап жүр.

«Баскетбол – логикалық ойын. Допты топтасыңа лақтыру немесе қарсыласыңды мықтап шатастыру ойдың жүйріктігін талап етеді. Тактика мен  әдістер арқылы ойнай білгеннің бәсі биік болады. Маған бұл спорт түрі сонысымен ұнайды. Ал баскетболдың отаны саналатын АҚШ-та халықтың басым бөлігі баскетболмен шұғылданады. Яғни біздегідей спорт түрі ретінде ғана қалыптаспаған. Болашақта Қазақстанда, әсіресе әйелдер арасында, бұл спорт түрінің дамуына өз үлесімді қосқым келеді», — дейді Нұрайна мен Ділназдардің ізбасары, Орал қаласындағы №12 орта мектептің 10-сынып оқушысы Света Қанатова.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0