среда, 24 апреля 2024 г.
icon
444.32
icon
473.33
icon
4.76
Алматы:
icon
20oC
Астана:
icon
10oC
1xadv
×

Жастар – өндірістің қозғаушы күші

Жастардың өндіріске тарту мақсатында соңғы кезде мемлекет тарапынан нақты шаралар қолға алынуда. Мұндай іс Ақ Жайық өңірде де көрініс тауып жатыр, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Батыс Қазақстан облысында өндіріс негізінен Орал мен Ақсай қалаларында жүйелі дамып келеді. Әлемге Қарашығанақ кен орнымен танымал Ақсайда таяуда сұйық азот шығаратын цех ашылды. Бұл өндіріс орнында негізінен жастар қызмет атқаруда. Бөрлі аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мереке Ізтілеуовтың сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы билік тарапынан аталмыш өндіріс орнын іске қосқан РТ-Альянс компаниясына техникалық мамандығы бар жергілікті жастарды жұмысқа алу туралы ұсыныс жасалған. Соның нәтижесінде басқа салаларда қызмет етіп жатқандар өз мамандығына, ал Атырау, Ақтау секілді өзге өңірлерде жүрген біраз жастар туған жерлеріне оралып еңбек етуде. Мәселен, ақсайлық Эльдар Жаншин бұрын Атырауда қызмет еткен. Жергілікті колледж бітірген жастарды қолдау шарасын естіп, Ақсайға келді. Арлен Айтуев телекоммуникация саласында еңбек етіп жүрген. Дегенмен өндірісті автоматтандыру мамандығына сай жұмыс табу арманы еді. Сол арманы орындалды. Бүгінде цехтағы азот құрылығысының операторлары болып табылатын қос жігіт мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай қолдау шарасына дән риза.

«Мұнай және өзге де салаларда сұйық азотқа деген сұраныс жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Өңіріміздегі, яғни Қарашығанақ кенішіндегі бұл қажеттілікті Орал азот зауыты ішінара қанағаттандыратын, қалғаны Ресейден тасымалданатын. Енді бұл істе де қазақстандық мазмұнның көлемі артады. Нақтылап айтсақ, РТ-Альянс компаниясы іске қосқалы отырған аталмыш өндіріс орны тәулігіне 20 тонна, яғни айына 500-600 тонна сұйық азот өндіруге қауқарлы. Біраз жылдан бері ҚПО б.в.компаниясына Ресейдің Новотроцк қаласында өндірілетін сұйық азотты жеткізіліп келген біздің компания енді өнімді жергілікті жерде дайындауды қолға алды. Сондай-ақ мұнай сервисі, яғни мұнай құбырларына қызмет көрсету сынды жұмыстарымен де айналысамыз. Айта кету керек, бұрындары бұл жұмыстарды шетелдік компаниялар атқарып келген еді. Осылайша жыл өткен сайын қазақстандық үлес көбеюде. Бұл біз сияқты жастарға жаңа жұмыс орындары ашылады, бюджетке түсетін салық көлемі артады деген сөз», — дейді қос жас техник маман.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0