пятница, 26 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
10oC
Астана:
icon
10oC
1xadv
×

Әке арманын орындаған ұландар

Ақ Жайық өңірінен жыл сайын орта есеппен 800-дей жас әскерге алынса, соның жиырмаға жуығы мемлекеттік күзет қызметіне кетеді. Әскери қызметін мінсіз атқаруына байланысты ондағы әскери бөлімдерден жылына 5-6 алғысхат келеді, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

БҚО әкімінің атына ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне қарасты объектілерді қорғау қызметінің (республикалық «Ұлан») «Айбын» президенттік полкі №0112 әскери бөлімінің командирі Т. Сәрсекеевтен алғыс хат келген Нұрхан Хахарманов таяуда Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, елге оралды. Елге оралды деген аты ғана, ол контракт бойынша әскерде қалып жатыр.

Теректі ауданының тумасы болып табылатын Нұрхан орта мектепті бітірген бойда алдағы өмірін әскери саламен байланыстырғысы келіп, Алматыдағы әскери академияға құжат тапсырған. Әкесі Серік Сисенғалидың айтуынша, тек физика пәнінен төмендеу балл жинауына байланысты конкурстан өте алмай қалды. Өзге сынақтың бәрінен жоғары нәтиже көрсетіпті. Сөйтіп, оған курстант болу бұйырмаса да, артынан әскер қатарына алынып, элиталық әскери құрылымның қатардағы жауынгері атанды.

«Үш ұлым бар. Тұңғышым Дархан БҚАТУ-ды эколог мамандығы бойынша бітірді. Қазір өзіммен бірге Атыраудағы Теңіз кен орнында жұмыс істеуде. Екіншісі Мерхан Алматыдағы әскери академияны тәмамдап, қазір Мемлекеттік күзет қызметі президенттік полктегі  қарауыл ротасы командирінің орынбасары. Мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бергенімде Дархан мен Мерханды оқыттым. Нұрхан жоғары сыныпқа келгенде, басқа жұмысқа ауысып кеттім. Ізбасарларымның бәрі ер бала болғасын үйдегі бір бөлмеге спорттық құрылғылары бар швед қабырғасын орнаттым. Ауланың ішіне де белтемір және өзге спорттық снарядтар жасадым. Содан болса керек, балаларымның бәрі салауатты өмір салтын ұстанатын, шымыр болып өсті. Сабақта да қатарының алды болды. Мәселен, Нұрхан 9-сыныпқа дейін биологиядан олимпиадаларға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүрді. Өскесін дәрігер боламын деп армандайтын. Артынан ағасы Мерханға еліктеді ме, әскери қызметке аңсары ауды. 11-сыныпта жүргенінде маған осы ойын айтып, әскери оқу орнына барғысы келетін жеткізді. «Егер шын жүрегіңмен әскери қызметкер болғың келсе, біз қарсы емеспіз. Бірақ медтексерістен өтуге, қажет құжаттарды жинауға өзің жүресің» дедім. Айтқандай, аудан орталығына, Оралға қатынап, барлық құжатын реттеген соң, Алматыдағы әскери академияға өзі барып қайтты. Армиядан келер алдында хабарласқанда контракт бойынша әскерде қалғысы келетін жеткізді. Ортаншы балама қыдырып барған кезде оның үйде болатын уақытының аз екенін көрдім.  Күн демей, түн демей, дабыл деп жұмысқа шауып бара жатады. Апталап, айлап полигонға кетеді. Нұрханға осының бәрін айттым. Ол «Бәріне шыдаймын» деді. Сөздің шыны керек, қазір жұмыс табу оңай емес қой. Оны ауылға шақырғаныммен, ертең өзіне сай кәсіп табыла ма, жоқ па?! Ал әскери салада барлық жағдай жасалған. Толықтай мемлекет қамқорлығында боласың. Жалпы, өзім кеңес заманы кезінде Мурманск қаласында әуе қорғанысы күшінде Отан алдындағы борышымды өтедім. Сол кезде әскери бөлім басшылығы маған «Қал, осы салада қызмет жаса» деген ұсыныс айтқан еді. Өзім қалғаным келгеніммен, ата-анамның елге қайт деген сөзін жерге тастаған жоқ едім. Менің сол кездегі арманымды балаларымның орындап жатқанына қуаныштымын», — дейді Серік Хахарманұлы.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0