пятница, 26 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
9oC
Астана:
icon
8oC
1xadv
×

Мемлекет басшысы Атырау облысының бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарын аралады

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапар аясында Атырау облысының бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарын аралады.

Елбасы «Карат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Дәулет» жеке индустриялық аймағында болды. Мемлекет басшысы нан және макарон өнімдерін шығару жөніндегі цехты аралап көріп, осы жерде өндірілетін дайын өнім үлгілерімен танысты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне Атырау облысындағы инвестициялық жобалар көрсетілді. Атап айтқанда, қуаты 52 мегаватт болатын жел электр станциясы, ыстық күйінде мырыш жалату цехы, робот арқылы дәнекерлеу әдісін қолдана отырып, металл конструкцияларын, карбон негізіндегі қуатты кабель, крекинг катализаторларын өндіру жөніндегі кәсіпорындар, фармацевтика зауыты, қысымды өлшеуге арналған құрылғылар шығаратын зауыт, құс фабрикасы, аумағы 20 гектар болатын жылыжай және басқа да жобалар бар.

Бұдан кейін Қазақстан Президенті «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына барды, онда Өндірістік үдерістерді қадағалау орталығының жұмысымен танысты. Онда Елбасыға цифрлық зияткерлік кен орнының жүйесі көрсетілді. Бұл нақты уақыт режімінде өнеркәсіп нысандарынан түсетін ауқымды мәліметтерді өңдеуге, шұғыл шешім қабылдау мақсатымен оларға әрі қарай талдау жасауға, сондай-ақ кен орындарындағы өндіру үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев кен орындарына цифрландыру элементтерін енгізудің арқасында еңбек өнімділігі артып, құрылғыларды жөндеу мерзімінің және бірін-бірі қайталайтын құрылымдардың қысқарғанын айтып, түпкі нәтиженің пайдасы бастапқы шығыннан екі есе және одан да көбірек болатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне Атырау қаласы инженерлік желісінің электронды сызбаларына, ауыл шаруашылығына арналған жерлерге, кең таралған пайдалы қазбалар орындарына және өңірдегі жерлерді пайдалану шарттарына, сондай-ақ мемлекеттік қызметке электронды форматта тапсырыс беруге немесе мемлекеттік органға өтініш жолдауға онлайн-мониторинг жасау үшін мүмкіндік туғызатын Атырау облысының геоақпараттық порталының жұмысы таныстырылды.

Мемлекет басшысы «Жігермұнайсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өнім өндіру көлемін, еңбек өнімділігін, металл өңдеу дәлдігін арттыруға, сондай-ақ адам факторына байланысты қателіктерді болдырмауға мүмкіндік беретін, робот көмегімен дәнекерлеу әдісін қолдану арқылы металл конструкцияларын өндірудің технологиялық үдерісімен танысты.

Қазақстан Президенті кәсіпорын еңбеккерлерімен кездесу барысында өнеркәсіптің түрлі салаларында заманауи цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтіп, «Жігермұнайсервис» компаниясының өндірісін әртараптандырудың артықшылықтарын айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Студенттер үйіне барды.

Мемлекет басшысы «ҚазТрансОйл» компаниясы «Бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асыру барысында Атырау мемлекеттік университетіне сыйға тартқан жаңа Студенттер үйінің ғимаратымен танысты.

Жатақханада тұратын студенттермен әңгімелесу кезінде Елбасы қазақ халқының үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға, сондай-ақ отаныңды сүюге негізделген салт-дәстүрін ұстанудың маңыздылығын айтты.

Университет студенттері «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы жобалардың жүзеге асырылғаны және студент жастарға әрдайым қолдау көрсетіліп келе жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Бес әлеуметтік бастаманың» облыстағы іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0