пятница, 26 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
11oC
Астана:
icon
6oC
1xadv
×

Шымкентте АГРО-индустриалды аймақтар дамиды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарды көшіру барысымен танысу үшін жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Сапар аясында Үкімет басшысы еліміздегі үшінші мегаполис – Шымкент шаһарына ат басын бұрып, қаланың даму жоспарын талқылаған жиынға қатысты.

Мәжілісте Шымкенттің көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі де сөз болды. Бұл ретте Алматы-Ташкент бағытында транзитті жақсарту үшін А-2 айналма жолын (31 км) қайта құру қажеттігі айтылды. Қала әкімі, сондай-ақ екі, елдің арасындағы қарым-қатынастың бұдан әрі дамуы үшін «Шымкент-Ташкент» жүйрік теміржол экспресін іске қосуды ұсынды. Тағы бір айта кетерлігі, қаланың солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыру және көлік жүктемесін азайту үшін Қонаев даңғылы жалғасының құрылысын бастау көзделуде. Бұл жобаларды қуаттап пікір білдірген Б.Сағынтаев құжаттамалардың барлығы дер кезінде дайындалуы керегін және тиісінше республикалық бюджеттен қаржы бөлінетінін жеткізді.

Шымкентте қазір «Оңтүстік», «Тассай» индустриалды және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары бар. Бұл аймақтарға 58,5 млрд тенге инвестиция құйылып, 66 кәсіпорын іске қосылды, 4 890 жұмыс орны ашылды. 2018 жылдың соңына дейін осы аймақтарға 38,3 млрд теңге инвестиция салып, 2 047 жұмыс орны бар 14 кәсіпорын ашу жоспарланған. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша агроөнеркәсіпті дамыту үшін 136 гектарға агро-индустриалдық аймақты құру жоспарлануда. Мұнда сауда-логистикалық орталық, қоймалар, көкөніс сақтау қоймалары, автовокзал, бизнес-орталық және қонақүй орналаспақ.

Қала әкімінің баяндамасынан соң Үкімет басшысы Б.Сағынтаев жиынды қорытып, мәжілісте талқыланған жобалардың маңыздылығына, бұл бойынша алдағы атқарылар жұмыстарға тоқталды.

– Елбасы Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бес әлеуметтік бастама ұсынған болатын. Алдағы жұмыстардың бәрі де осы жоспар негізінде жүзеге асуы тиіс. Ең алдымен тұрғындардың баспанамен қамтылуы, агросаланың дамуы, микрокредит мәселелеріне жете мән беру қажет. Сосын жоғарғы оқу орындарының көбісі қазір Шымкентте қалды. Яғни, студенттердің жатақханасын шешу де кезек күттірмейтін міндеттің бірі. Шымкенттің болашағы жарқын, тұрғындары кәсіпке бейім, алда қаланың көркеюіне ерекше көңіл бөлінетін болады. Қазір қаржылық жағынан Шымкенттің бөлу балансын өз мерзіміне сай 2 ай ішінде реттейміз деп отырмыз. Елбасымыздың, Үкіметтің тапсырмаларын орындауда және Шымкент қаласының дамуы жолында аянбай еңбек ете берейік, – деп аяқтады сөзін Үкімет басшысы.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0