пятница, 26 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
10oC
Астана:
icon
9oC
1xadv
×

Шымкенттегі ең ірі баспахана басшысы кәсіпті қалай бастағанын айтып берді

Тек Шымкенттегі емес, республикадағы ең ірі баспаханалардың бірі саналатын «Ернияз» баспа үйін БАҚ өкілдері өте жақсы біледі. Оның басшысы Ербол Дайраш болса жергілікті тілшілермен сұхбаттасып, осынау кәсібін қалай бастағанын айтып берді.

«Ернияз» медиа тобының қызметкерлерінде жұмыс қызған шақ қазір. Шымкент үшінші қала мәртебесін иеленгендіктен, жұмыс та, жауапкершілік жүгі де ауырлай түскен. Мекемелердің бүкіл іс-қағаздарынан бастап, төлқұжатына дейін ауыстыруға тапсырыс көп түсуде. Уақыт тығыз, жылдам істелуі қажет. 

– Бәріне де үлгеріп жатырмыз. Кей күндері 18-20 сағатқа жуық жұмыс істедік. Себебі, кесте өте тығыз. Бүгін келісімін алсақ, ертеңге дейін аяқтауды қажет ететін жұмыстар. Бұндай жағдайлар бізге таңсық емес. Бұған дейін іс-тәжірибемізде болып жүрген дүниелер. Қызметтердің бәрі 100 пайыз өзімізде істеледі. Заманауи құрылғыларымыз бар, – дейді медиа топтың басшысы Ербол Дайрашұлы қазіргі жұмыстың тыныс-тіршілігімен таныстырып. 

Жалпы, Шымкентте қай сала болса да бәсекелестік зор. Мәселен, бұл салада тек қана баннер шығарумен айналысатын, оны отбасылық кәсіп етіп алғандар бар. Ал «Ернияз» тобы кешенді қызмет түрін ұсынады: баннер жасап, оны орнатып береді. Шақыру қағазы керек болса, оны да дайындайды. Кейде тұтынушылардың арасында баннерге «Менің атымды ойып жазып, іліп қойсаңыз» деп өтініш айтатындар да табылады. 

Әр кәсіптің қиындығы, қызығы болады. Әрине, жетістікке жету – жұмыстың жүйесін таба білуде. Төрт жігіттің бастамасымен мекеме 2006 жылы «Ернияз» болып құрылды. Ол кезде тек компьютерлік қызмет көрсететін шағын ғана мекеме-тұғын. Жігіттер әуелгі мақсат бизнес ашамыз деген ой емес, күн көру, тіршілік болғанын айтады. «Эврика» дүкенінен бір компьютерді несиеге алып, тәуекелге бел байлаған. Содан бері жалғанып келе жатқан кәсіпке 12 жыл болыпты. Бастапқы 5-6 жылдағы жағдай – әлгіндей. Жетінші жылда мемлекеттік рәміздерді істеуге көшкен. 2013 жылы рәміздерді жасау бойынша лицензияның иегері атанады. Қаланың сырт жағында цех бар. Ербол тәуекелге бел байлап, туған ағасын оқытады. 
Осылайша 4 жігіт болып басталған жұмыс бүгінде әйдік мекемеге айналды. 100-ден астам қызмет түрі бар. Қазір 21 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылған. Штаттан тыс 4-5 жұмысшы тағы бар. Бәрі де бір үйдің баласындай өнімді еңбек етуде. 

Мінекей, табанды мақсат, талаптылықтың арқасында осыдан төрт жыл бұрын «Кереге» фирмасы өз отауын бөлек тікті. Оны дөңгелетіп жүрген – кезінде жұмысты бірге бастаған Ниязбек Қалымбетов дейтін азамат. Онда да осы қызмет түрлері бар. 10-нан аса адам нәпақасын айырып жүр. Былтыр жігіттердің қатарындағы Еркебұлан Ермекұлы да «Ернияз Fotobook» орталығын қолға алып, жеке шықты. Уақыт сәті келген. 

– Компаниямызда шарықтаған, құлдыраған кездері болады. Кейде орта темпке түсіп қаламыз. Кез келген дамушы компанияда бұндай жағдай болуы – қалыпты құбылыс. Өз-өзімізді дамытпасақ, жұмыс та құлдырай бастайды. Оған негізінен басшы тікелей жауапты. Мәселен, кітап аз оқысаңыз, жұмысыңыз да алға жүрмейді. Әрдайым сергек болып, өзіңді ояу ұстап жүруің керек. Рухани, физикалық әлеуеттеріңді дамыту, техникалық ақпараттардан да хабардар болып жүруің, бәрінің жұмысқа әсері бар. Өз-өзімізді жетілдіреміз. Әзірге шет тілінен нанымды сұрап жей алтын халдемін. Болашақта осы олқылықты да түзетіп, тілді меңгеру қажет екенін түсіне бастадым, – дейді Ербол Дайрашұлы негізгі тәртіптерінен хабардар етіп.

Кәсіп дегеніміз – адал жолмен өзіңнің интеллектіңді сата білу. Адам қай сала болса да өз ісінің майталманы болуы керек. Іскер жігіттердің алдағы жоспарлары да ауқымды. Полиграфияны дамытып, медиа топ болып өзгергеннен кейін үлкен жобаларды іске асырмақ. Бүгінде мемлекеттік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру – басты жоспарда. Ең басты мақсат – көштен қалмай, әріптестерімен қатарласа дамып отыру. Бізде жастарды кәсіпке тартуда ақпараттық насихат кемшін. Мектеп қабырғасында жүргеннен жастарды өз қабілеттеріне қарай бөлмейміз. Жастар әр қилы. Өз-өздеріне мақсат қоя білетіндері бар. Бір істі атқару үшін сенім арту керек болады. Онда таңдау екі түрлі. Кейде сенгеннен артасың, енді бірде сену керек болғаннан кейін артасың. Басқа таңдау жоқ қой. Кей жігіттер соны түсініп, алып кетіп жатады. Бірі үдеден шыға алмайды. Жалпы айтқанда, жастардан күдер үзуге болмайтыны тағы анық. 
Орда бұзар жастан асқан кәсіпкер азамат осылай деп сыр шертеді. Қазір айналамызда бизнес-тренингтер көп-ақ. Бай болудың жолын үйретеміз дейді. Оның көбеюінің басты себебі – біздің өз-өзімізді дамытпағандығымыздан. Жетілдірген ақпаратқа мұқтажбыз. Негізінен, олардың ішінде өз саласында жетістікке жеткен адамның сабағына жететін дәріс жоқ. Жалпы, тренингте айтылғандарды жасамайтынымыз тағы рас. Біз естігенімізге амал етсек, бір істі қолға алар едік-ау. 

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0