Республика бойынша осы жылдың 15 қыркүйегінен бастап емханаға тіркеу науқаны басталды. Бұл науқан екі айға созылып, 15 қарашада аяқталады.
Науқанның мақсаты – қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын тұрғындар емдеу мекемесін ауыстыруға, қалауынша тіркелуіне мүмкіндік беру. Сондай-ақ, аймақта медициналық қызмет көрсету үшін жаңадан қосылған медицина ұйымдарының келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасау. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Атап өтсек, аталмыш шара өңір үшін маңызды. Аймақта жеке медициналық орталықтар мен клиникалардың саны көбейген. Тіркеу тәртібіне үш өзгеріс енгізілген.
«Жалпы, өткен жылдың тіркеу науқанында облыстың 750 мыңнан астам тұрғыны емхана таңдау құқығын пайдаланған. Халықтың бұл науқанға деген қызығушылығының артқанын, емхананы еркін таңдау құқығы туралы хабардар екенін білдіреді. Айта кету керек, тұрғындар науқан кезінде таңдаған емхана қызметін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады. Оған дейін бұрынғы емхананың пациенті болып қала береді»,— деді «Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Б. Исмағамбетов.