Инвестициялар және даму министрлігімен арадағы ынтымақтастық негізінде жүзеге асқан «Бизнесті және инвестицияны қорғау» жобасына Шымкент қаласы мен Түркістан облысының кәсіпорындары қатысуда. Атап айтар болсақ, «Голден Камэл Груп ЛТД» ЖШС-і алғашқылардың бірі болып келісімге қол қойған.
«Бизнесті және инвестицияны қорғау» жобасына қатысуға Шымкенттегі «Джон Бан Металл Пром» ЖШС-і қызығушылық танытқан. Кәсіпорын басшысы Чжоу Гунцзо бизнесмэндерді қорғауына алып, оларға қолайлы инвестициялық жағдай жасаған мамандарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қысымдарды азайту мақсатында жасалып жатқан жұмыстардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сөйтіп, екі тарап меморандумға қол қойды.
Осыдан кейін тараптар жобаның тиімді тұстарын талқылауға кірісті. Сала басшылары меморандумға кез-келген инвестордың қол-қоюға мүмкіндігі бар екенін, кез-келген өндіріс орны заңмен қорғалатынын тарқатып айтты.
«Біздің бүгінгі ұстанған бағытымыз, кәсіпкер мен мемлекеттік орган арасындағы байланысты нығайту. Бұрын хат алмасып, сотқа жүгінетін болса, енді өзара ынтымақтастықты нығайту. Қазір арнайы жұмыс топтары, байланыс топтары бар», ― дейді «Атамекен» ҰКП директорының орынбасары Қайрат Акенов.
Ал, Мемлекеттің қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Сұлтанұлы жобаны көпке кеңінен таныстырды. Ол қатысуға ниет білдірген инвесторлар Қазақстан аумағында аптаның кез-келген күні мен тәулігінде 100 пайыз қорғалатынын атап өтті.
«Ең басты мақсатымыз кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қысымды азайту», деді жиын барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев.