«БҚО жастарын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жол картасында» бірінші тұрған әрі негізгі бағыт – жастардың жұмыспен қамтылуы.
«Жыл басынан бері өңіріміздегі жұмыспен қамту орталықтарына 8585 жас жолықты. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 8493 жас жұмыспен қамту шараларына тартылып, нәтижесінде 6243 жас жұмысқа орналасты. Бағдарлама аясында техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға және жұмысшы мамандарды еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптер және дағдылар бойынша оқытып, жұмысқа орналастыру да жүзеге асырылуда. Осы бағытта биылғы жылдың он айы ішінде 1633 жас оқуға жолданып, оның 500-ге жуығы бітіріп, 200-ден астамы жұмысқа тұрды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 507 жас жолданып, 100 адам несие алды. Сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 10 адамға мемлекеттік грант берілді», — дейді БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев.
Аталмыш жоба аясында оқып, несие алғанның бірі – теректілік Қобылан Қуанов. Ол берілген несиеге мал алып, оны бордақылаумен айналысуда. Біраз жылдан бері жұмыссыз жүрген Қоблан мемлекет тарапынан жастарды жұмыспен қамту бағытында қолға алынып жатқан шаралар үшін риза.
Айта кетейік, облыс көлемінде жыл басынан бері жастарға арналған 24 жәрменке өткізілді. Онда 1175 бос жұмыс орындары ұсынылды. Жәрменкеге жұмыс сұрап келген 2 мыңдай жастың жартысына жуығы тұрақты жұмыс тапқан.