вторник, 19 марта 2024 г.
icon
449.3
icon
489.69
icon
4.89
Алматы:
icon
9oC
Астана:
icon
-3oC
1xadv
×

Оралдық жастар техникалық мамандық бойынша Атырауда өндірістік тәжірибеден өтуде

Орал қаласындағы мемлекеттік оқу орындарында техникалық бағытта білім алып жатқан отызға тарта студент «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай өңдеу басқармасына қарасты «Орал» желілік өндірістік диспечерлік бекеті арқылы өндірістік тәжірибеден өтуде.

Бұл осыдан екі-үш ай бұрын ЖОО, колледж басшылары мен «ҚазТрансОйл» АҚ-ның жетекшілері арасында жасалған келісімге сәйкес жүзеге асып жатыр. Бұл құжат бойынша аталмыш компания бес жыл бойы студенттерді өздерінің базасында өндірістік тәжірибеден өткізбекші. Биылдың өзінде республика көлемінен 433 жас қамтылмақшы. Оның 117-сі Батыс Қазақстан аймағындағы оқу орындарының студенттері болмақ.

Ал «ҚазТрансОйлдан» тәжірибеден өтуге екінің бірі ілікпек емес. Яғни оқуда да, қоғамдық өмірде де үздік болып жүрген жастар ғана оқу орны жасақтайтын тізімге енеді. Өндірістік тәжірибе кезінде, яғни бір айы бойы аталмыш компания студенттерді апару-әкелу, арнайы киіммен және тамақпен қамту шығындарын өз мойындарына алады.

«ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай өңдеу басқармасына қарасты «Орал» ЖӨДБ-де 1 шілдеден бастап 13 студент өз мамандықтарына сәйкес жұмыстарға кірісіп кетті. 1 тамызда 13 адамнан тұратын екінші топ келеді.  Олар -  Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің және БҚО жоғары аграрлық-техникалық колледжінің студенттері. Өндірістік тәжірибеден соң ЖОО студенттері 110-120 мың теңге, ал колледж студенттері 70-80 мың теңге көлемінде еңбекақыларын алады.

«Үлкен Шаған» мұнай айдау бекетінің басшысы Шәміл Әмірхановтың айтуынша, осында келген әрбір студентке бір тәлімгер бекітілген. Олар жұмыстың ерекшелігін, қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, істерін қағалап жүреді. Егер өндірістік тәжірибе кезінде студенттер өздерін жақсы қырына көрсетсе, ертең, яғни диплом алғаннан соң осында тұрақты жұмысқа орналасуларына мүмкіндік мол.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0