пятница, 10 мая 2024 г.
icon
439.43
icon
473.31
icon
4.82
Алматы:
icon
21oC
Астана:
icon
12oC
1xadv
×

Оралда креативті әрі мобильді жастар көбеюде

Оралдық жастардың спортқа, салауатты өмір салтын ұстануға құлшынысы артып келеді. Соған орай жергілікті атқарушы билік тарапынан ескі спорт алаңдары жөнделіп, жаңалары бойкөтеруде. Мәселен, қазіргі таңда 31 спорттық алаң жөнделіп жатса, жаңа нысандарды салуға бюджеттен 20 млн теңге бөлінген.

Бұл туралы Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов облыс орталығының белсенді жастарымен болған бейресми кездесуі кезінде мәлімдеді.

Шара барысында түрлі салада еңбек етіп, Орал шаһарының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген жастар жыл сайын қыркүйектің алғашқы жексенбісінде тойланатын Қала күнін ұйымдастыруға қатысты да ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

«Туған қаламыздың көркеюі мен қарыштап дамуы үшін әрбір жастың үлес қосуы – перзенттік парыз. Жергілікті билік тарапынан қандай да болмасын шешім қабылданарда ұлт болашағы саналатын жастардың пікірі, ықылас-ниеті ескерілуі тиіс деп есептеймін», – деді шараны ашқан Бақытжан Хаберұлы.

«Uralsk Runners» қозғалысының жетекшісі Асхат Рамазанов осыдан бір жыл бұрын белсенді жандардың басын қосып, содан бері салауатты өмір салтын ұстанып, жан-жақты тұлғалық дамуды насихаттап келеді. Бүгінде қозғалыстың 100-ден астам мүшесі бар, олар күнделікті жүгіру арқылы бірнеше шақырымды бағындырып қана қоймай, футбол және волейбол ойнайды. Сонымен қатар клуб мүшелерінің тұрақты түрде өтетін басқосуларында әр салада жетістікке жеткен жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тақырыптық тренингтер өткізіп тұрады. «Биыл арнайы жүгіру жолағы қажеттігін айтып, осы мақсатқа қаржы жинау ісін қолға алған едік,-деді ол.- Қысқа мерзім ішінде жергілікті тұрғындар тарапынан 1,5 млн. теңгеден астам қаржы жиналды. Бұл іске жергілікті әкімдік пен жанашыр меценаттар үлес қосып, қазіргі таңда жүгіру жолағының құрылысы жүргізілуде. Тұңғыш Президент алаңында орналасқан бір шақырымнан астам жолақ 7 қыркүйек күні Қала күніне сый ретінде қолданысқа берілетін болады».

Дастан Бижанов жетекшілік ететін «Street work out» қозғалысы жаттығу залына барып, арнайы диета ұстамай-ақ, қолжетімді құралдармен шынығу арқылы зор жетістікке жетуге болатындығын дәлелдеп келеді. АҚШ-та бастау алған көше қозғалысы Ақ Жайық өңірінде 2016 жылы алғашқы спорт алаңы қолданысқа берілген кезден бастау алған. Бүгінгі таңда бұл қозғалыс мүшесі Нариман Есмағұлов «Жастар керуені» бағдарламасы аясында облыс аудандарын аралап, балғындарға «Street work out» туралы және дұрыс жаттығудың қыр-сырлары жайын түсіндіріп жүр. Аталмыш бағдарлама аясында әр ауданнан кем дегенде бір командадан жасақтап, алдағы уақытта ауқымды чемпионат ұйымдастырып, нағыз мықтыларды республикалық деңгейдегі сайыстарға шығару жоспаларында бар.

Шара барасында сөз алған БҚО жастар саясаты мәселелері бойынша басқарма басшысы Аян Сақошев кездесуге келіп, ортаға ой тастағандары үшін қатысушыларға ризашылығын білдірді.

«Қазіргі таңда жергілікті билік өкілдеріне жеке бас мәселесін айтып келетін жастардан гөрі, қоғамды, қаланы дамыту бағытындағы идеяларымен келетін жастар қатары артып келе жатқандығы қуантады. Креативті әрі мобильді жастар көбеюде. Дегенмен де ортақ мақсат-мүдде жолында жастар тарапынан әлі де белсенділік және бірлік күтеміз»,—деді Аян Сақошев.

Ернар ХАЙДАР,

Орал қаласы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0