Бүгінде Қызылорда облысында «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмыссыздықты азайту мақсатында халықтың шағын кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасалған. Бағдарлама аясында жұмыссыз азаматтардың кәсіппен айналысуы үшін жеңілдетілген несие алуына да мүмкіндік бар. Бұл мақсатта несиелендіру жұмыстары «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асып келеді.
«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақтық өкілетті мекеме ретінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына 2011-2016 жылдары аралығында республикалық бюджеттен 5 млрд 187,6 млн теңге бөлінді. Ондағы мақсат – халықтың жұмыссыз бөлігін жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту. Бұл жұмыссыз азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Жұмыс жоқ, кәсіп бастауға қаржы жоқ дейтіндер үшін бағдарлама аясында жеңілдетілген процентпен несие берілді. Ал әрі қарай еңбек ету әрбір адамның өзіне байланысты. Мемлекет еңбек етемін дегенге барынша жағдай жасауда. Соның бір дәлелі – осы бағдарламаның жүзеге асуы», — дейді акционерлік қоғамның мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс жасау бөлімінің бас менеджері Серік Жаңабаев.
Оның айтуынша, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие беруде облыс тұрғындарына бірнеше жеңілдіктер қарастырылған.
«Біріншіден, несие алушылардың басым көпшілігі – қалалық немесе аудандық жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрғандар. Несие алуға үміткерлер бизнес жоспарларын тапсырады. Комиссия шешімімен конкурс жеңімпаздары анықталып, құжатта көрсетілген несие қаражаты табысталады. Несие 3 000 000 теңгеге дейін, 4,27 процентпен 60 айға беріледі» — деп атап өтті маман.
Облыс тұрғындарын несиелендіру қорытындысымен 2145 адам несие алып, шағын кәсіпкерлер қатары артқан. Нәтижесінде 2676 адам жұмыспен қамтылды. Бұл елдегі жұмыссыздықты азайтуға бірден-бір сеп. Сонымен қатар ел экономикасын дамытудың көзі шағын кәсіпте десек, аймақ тұрғындарының мүмкіндікті пайдаланып, кәсіппен айналысуға ынталануы қуантады.