четверг, 6 февраля 2025 г.
icon
520.27
icon
537.65
icon
5.24
Алматы:
icon
-10oC
Астана:
icon
-7oC
×

«Рухани жаңғыру»: Жас архившілер Сыр елінде сайысқа түсті

Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Жас архившілер» байқауы өтті. Республика көлемінде осымен үшінші рет өтіп отырған сайысқа ҚР Президенті архиві мен Түркістан, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан келген және жергілікті командалар қатысты. Аталған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Жас мамандар екі күндік бағдарлама бойынша сайысқа түсті. Еліміздің әр аймағынан келген қатысушылар сайыстың бірінші күнінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мирамкүл Әбуовамен кездесіп, архив ғимаратындағы құжаттар көрмесін аралады. Одан әрі осы салаға қатысты заңнамалар бойынша тест сынағын тапсырды. Байқаудың екінші күні Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан «Жастар» орталығында өтті.

«Архив жұмыстарына жастардың дендеп араласуы бізді қуантады. Өздеріңіз білесіздер, архивсіз тарих, тарихсыз өткен жоқ. Өткенсіз бүгін болмайтыны сияқты, бүгінсіз ертең де жоқ. Архив қызметкерлерінің жұмысын насихаттап, олардың кәсіби біліктілігін арттырудағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деп облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов байқауға қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

Сайысқа қатысушылар «Архив жастары болашаққа жол бастар» деген атаумен дайындаған бейнероликтерін көрсетті. Сонымен қатар, «Біздің архивтің жеті қыры» тақырыбында өздері атқаратын жұмыстар жайлы баяндады. Жас мамандар бұл байқауға архив пен құжаттану саласы бойынша білім мен тәжірибені  ортаға салатын дода деп баға беріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Былтыр Алматыда өткен республикалық жас архившілер байқауында Сыр жастары бас жүлде алып қайтқан болатын. Биылғы байқаудың нәтижесі бойынша да қызылордалық «Сыр жастары» командасы бас жүлдеге ие болды. Ал, жүлделі бірінші орынды ҚР Президенті архивінің «Жас қыран» тобы иеленді. Екінші, үшінші орындар Батыс Қазақстан облысының «Ақжайық» командасы мен Алматы қаласынан келген «Алатау жастары» командаларына берілді. Барлық қатысушы командаларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0