Елбасы Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде елді цифрлық трансформациялау және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, цифрлық технологияларды дамытуға баса мән берілген. Осы тұста, Қызылорда облысының аудандарында барлық мектепке дейінгі ұйымдарды «Электронды балабақша» қызметіне көшіру жұмысы аяқталды. Бұл өз кезегінде қағазбастылықтан арылудың тиімді тәсілі.
Мамандардың айтуынша, «электронды балабақша» жобасы әр баланың балабақшаға бару реттілігіне дейін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Тіпті бір баланы бірнеше балабақшаға тіркеп қою келеңсіздіктерінің алдын алуға болады.
Сондай-ақ сала әдіскері бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – арада адами фактор болмайды. Оған қоса, балабақшада топ құруда ашықтық пен жариялылық қамтамасыз етіледі. Өйткені бұған дейін бір бала бірнеше жеке балабақшаларда тіркелгені анықталған.
«Жалпы «Электронды балабақша» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, ата-ана мен педагог туралы бірыңғай деректер базасы құрылады. Екіншіден, балабақшаға кезектіліктің жүргізілуін және бала жетістігін бақылауға мүмкіндік ашылады. Үшіншіден, қызметтер үшін онлайн режимде электронды төлемдер жүргізу секілді қолжетімді ақпарат ресурсы пайда болады. Мұның бәрі түптеп келгенде, Елбасы Жолдауынан туындайтын ашықтық пен цифрландыру жүйесінің жаңашылдығын дәріптейді», – дейді аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі оқыту және тәрбие жөніндегі әдіскері.
Сала әдіскерінің сөзінен белгілі болғандай, балабақшаға кезекке қою, құжаттарды тапсыру, балаларды қабылдау процестері толықтай автоматтандырылған. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ата-анамен тиісті бөлімдер арасында тікелей байланысты азайтып, ата-аналарға үйінде отырып электронды өтініш жасауға мүмкіндік туғызды.