Қызылордада қала күні мерекесі қарсаңында «Салауатты Қызылорда» атты жүгіру марафоны өтті. Денсаулық саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды, әрі халық арасында салауатты өмір салтын дәріптеуді көздеген марафонға 1500-ге жуық тұрғын қатысты. Сонымен қатар, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарынан келген әуесқой спортшылар да осы шараға белсене атсалысты.
«Салауатты Қызылорда» марафонының жарыс жолы 5,5 шақырымды құрады. Жүгіру жарысы 18 жасқа дейінгі ер балалар мен қыздардың және 18-ден жоғары жастағы азаматтардың арасынан құралған 4 топ бойынша жүргізілді. Марафон қаладағы «Сыр-Ана» монументінен бастау алып, «Еуразия» мәдени-спорттық кешеніне дейін жалғасты.
«Қала күні мерекесі жыл сайын түрлі іс-шараларымен тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Велошерулер, ұлттық ойындар, спорттық сайыстар да өз кезегімен жүзеге асырылып отырады. Ал, жүгіру марафонының орны қашанда бөлек. Осы шараға қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Салауатты өмірді осылай насихаттаудың жастар үшін маңызы зор деп білеміз. Себебі, жарысқа қатысушы әрбір адам спортты тұрақты түрде жанына серік етеді. Ал, дене шынықтырумен күнделікті айналысқан жастың өзіне де, қоғамға да тигізер пайдасы көп», — деп пікір білдірді марафонға қатысқан жастар.
Марафон мәресіне бірінші боп жеткен жеңімпаздар арнайы дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі орындарға ие болған марафоншыларды Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Мира Қазбекова арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді. Қызылорда қаласының 201 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған марафонның жүлде қоры 500 000 теңгені құрады.
Еске салсақ, Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарлама саладағы биылғы жылдың басты оқиғасы болып отыр. Жаңа бағдарлама медициналық қызметтің сапасын көтеріп, қолжетімділігін жақсартуда оң ықпалын жасамақ.