воскресенье, 12 января 2025 г.
icon
526.81
icon
542.72
icon
5.16
Алматы:
icon
-2oC
Астана:
icon
-12oC
×

Қызылордада туризмді насихаттауға арналған фестиваль өтті

Дүниежүзілік туризм күніне орай Қызылорда қаласының мектеп оқушылары арасында туризмді дамытуға бағытталған фестиваль өтті. Аталған шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының бәсекеге қабілет бағыты бойынша жүзеге асты. Шараны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы ұйымдастырды.

Бұл фестиваль жыл сайын студенттер арасында өткізіліп тұрды. Биылдан бастап оқушыларға ішкі туризмнің қыр-сырын таныту мақсатында осы шара қолға алынды. Мектеп оқушыларына арналған фестивальдің негізгі мақсаты да отандық туризмді насихаттау болып табылады.

Фестиваль барысында шараға қатысушы оқушылар облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап, көне жәдігерлердің тарихымен танысты. Сонымен қатар, ғасырдан астам тарихы бар теміржол вокзалы ғимараты мен Тұңғыш Президент саябағын тамашалады. Ал, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан Жастар орталығында қатысушылар «Сүйікті қалам - Қызылорда» тақырыбында шығарма жазды. Оған қоса еліміздегі туризмге сұранып тұрған қызықты орындардың суретін салып, шеберліктерін көрсетті.

«Біздің аймағымызда еліміздің ғана емес, шетелден келген меймандардың тамашалайтын орындары көп. Мәселен, Қорқыт ата мемориалды кешені, Байқоңыр ғарыш айлағын соның дәлелі ретінде айтуға болады. Жаңақорған ауданындағы шипажай да еліміздегі медициналық туризмнің дамуына ерекше үлес қосып отыр. Өңіріміздегі нысандарды насихаттау арқылы туризм саласын дамыта аламыз. Осы орайда біз қатысқан фестивальдің маңызы зор деп білеміз», — дейді шараға қатысушы оқушылар.

Жастар жылы аясында өткізілген шара алдағы уақытта да туристік нысандарда жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар. Туризмнің экономиканы дамытудың, табыс көзінің тетігі екенін жеткізді облыстық туризм және кәсіпкерлік басқармасының қызметкерлері.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0