Қазан айының алғашқы аптасында Қызылордадағы жастар ұйымдары арасында ашық есік күні өтті. Аталған шарада мемлекеттік бағдарламалар аясында 2019 жылы жастар ұйымдары арқылы жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар талқыланды.
Мәселен, «Азаматтардың бастамаларын қолдау» қоғамдық қоры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шаралар жайлы айтып өтті. Ал, «Жастар одақтары» қоғамдық бірлестігі «Жасыл ел» еңбек жасақтарына көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына жастарды тарту мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы айтты. Осы орайда Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Жасыл - Ел» бағдарламасы жайында: «Бұл жай ғана экологиялық шара емес, терең өмірлік мәні мен маңызы бар дүние. «Жасыл Ел» дегеніміз - Мәңгілік Ел дегеніміз. Біз елімізді жапырағы қурамайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұра алмайтын Мәңгілік жасыл елге айналдырумыз керек» деген болатын.
Ашық есік күнінде «Сана» зияткер жастар мектебі қоғамдық қорының атқарып жатқан жұмыстары да тыңдалды. Аталған қоғамдық қордың жастары Қызылорда облысы мен Байқоңыр қаласы жастары арасындағы өзара әрекеттестік және әріптестік қызметінің жұмыстарын ұйымдастыру жайлы қозғады. Сондай-ақ, еріктілер қозғалысын дамытуға арналған әлеуметтік қызмет жұмысы жөнінде де атап өтті. Ал, «Кәусар» мамандар орталығы қоғамдық бірлестігі болса, жастарға патриоттық тәрбие беру және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру бойынша бірқатар жұмыстар жайлы баяндады. Сонымен қатар, қатысушылар мүмкіндігі шектеулі жастармен жұмыс жасау бойынша әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастырудағы келелі істерге тоқталды.
Ашық есік күніне жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер мен қала жастары қатысты. Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов жоспарланған әлеуметтік жобалардың тиімділігі мен жастарға берер пайдасы жайлы сөз етті. Шараға қатысқан жастар әлеуметтік жобалардың ұйымдастырылуына, орындалуына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Олар «Жастар жылы» аясында атқарылып жатқан маңызды жұмыстар жайлы да пікір алмасып, ой бөлісті.