72 жасқа қараған шағында театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Төлеубек Мұхамеджанұлы Аралбай дүние салды, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры жариялады.
Төлеубек Аралбай 1950 жылы 18 наурызда Семей қаласында дүниеге келген. Өнерге құштар ол бала кезінен-ақ қаладағы Пионерлер Сарайының драма үйірмесіне қатысты. Оның өнердегі ең алғашқы ұстазы атақты режиссер И.Вишневский болды. 1964-1966 жылдары Семей облыстық музыкалық драма театры жанындағы студияны оқып бітірген соң театрдың қазақ тобына қабылданып, алғашқы рөлдерін орындады.
1970-1973 жылдары әскери борышын өтеген соң Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияға оқуға түсіп, белгілі сахнагер Р.Сейтметовтің класынан 1975 жылы бітіріп шығады да, Көркемдік кеңестің шешімімен қарашаңырақ театрдың актерлік тобына қабылданады. Театр спектакльдеріне студияда оқып жүргенде-ақ қатысқан оның алғашқы рөлі О.Бөкеевтің «Құлыным менің» драмасындағы Жігіт еді. Содан бері өткен қырық екі жыл ішінде ол сахнаның үлкен шеберіне айналды.