Араб жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы өзі, сүйіктісі жайлы айтып берді. Динара Мұсабаева Сауд Арабиясында дүниеге келген Сұлтан Әзизбен осыдан 2 жыл бұрын Эр-Рияд қаласында танысқан. Айтуынша, араб жігіті қиын-қыстау кезеңде оның жанында болып, жүрегін жаулаған. Араға екі жыл салып, үйлену туралы ұсыныс жасап, Қазақстанға келген, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілетеме жасап.
Динара Мұсабаева бұл туралы Ләйлә Сұлтанқызына сұхбат берді.
30 жастағы Динара Мұсабаева бұған дейін де тұрмыста болған. Алдыңғы некесінен 9 жасар қызы өсіп келеді. Айтуынша, 19 жасында оны сөйлесіп жүрген жігіті алып қашқан. Алайда екеуінің некесі көпке созылмапты. 1 жылдан кейін Динара күйеуімен айырылысып, Кентаудағы ата-анасының қолына барған.
Динара өзі Алматыдағы «Сымбат» сән академиясын тәмамдаған. Мамандығы «киім дизайнері» болғанымен, бүгінде сән салонында кірпік пен қас әрлеумен айналысады.
Ал қазіргі күйеуі Сұлтан Азизбен 2020 жылы Эр-Рияд қаласында танысқан. Динара Сауд Арабиясына өзінің туған күнін құрбыларымен бірге тойлау үшін барған. Сонда ортақ таныстары екеуін табыстырған. Сол шақта Динараның елде қалған әкесіне ота жасалып, қайтыс болады. Пандемия өршіп тұрған шақта әуежайлар жабылып, Мұсабаева әкесімен қоштасуға жете алмай қиналған.
«Мұндай қорғаныш, қолдауды бірінші рет сезіндім. Мен де, отбасым да бұл жігітті құрметтейміз. Бір жыл бұрын саған үйленемін деп айтты, сол сөзінде тұрып, екі жылдан кейін ұсынысты жасады. Қазақстанда қандай жағдай болғанын білесіздер, соған қарамастан, шу басыла салысымен ұшып келіп, маған ұсыныс жасады», ― дейді бойжеткен.
Динара мен Сұлтан 6 ақпан күні некелескен.
«5 ақпан күні анамның алдынан өтіп, қолымды сұрады. Әкем өмірден озған, әкемнің ағасы мен Кореяда жүрген өз ағамнан, үлкендерден рұқсат сұрап, батасын алғаннан кейін, мешітке барып некемізді қидық. Әкемнің басына барып құран оқып, әкеме: «Қызыңызда да, қызыңыздың қызы Эльвираны да жылатпауға сөз беремін, бақытты етемін, уайымдамаңыз» деді. Екеуміз біраз жылап, көңіліміз босады», ― деп ағынан жарылды Динара Мұсабаева.
Сұлтанның ата-анасы екі жастың некелесуіне келе алмаған. Дегенмен, бұл олқылықтың орнын жазда толтыруды жоспарлап отыр екен. Сұлтан Әзиз бір үйдің жалғыз ұлы, отбасында өзінен басқа жеті қыз бар. Соған қарамастан, ата-анасы бақытын тауып, Динараның соңынан Қазақстанға кеткеніне қарсы емес екен. Ал қазақ қызына ғашық болған араб жігіті енді Қазақстанда кәсіппен айналысуды жоспарлап отыр.
Динара мен Сұлтанның некелескен сәті желіде тарап кеткеннен кейін, екі жасқа жағымсыз пікір жазушылар саны көп болған. Тіпті, Динара мен оның отбасына қоқан-лоққы көрсеткендер де табылыпты. Ал Динара өзін сынағандарға ең бастысы бақытты екенін айтты.
«Ажырасқаныма 10 жыл болды. Қазақ жігіттерінен таппадым демеймін. Өмірімде қазақ жігіттері де болды. Бірақ олардың ішінде: «Ренжіме, сен күйеуден қайтқансың. Қызың бар. Менің ата-анам ондай қызды алдыртпайды» деп бетімді қайтарған жігіттер болды. Қазақтар жамансыңдар деп жатқан жоқпын. Бұл менің қалауым. Бұл жігіт менің қайғымда қасымнан табылғаны үшін ғашық болдым», ― дейді Динара.
Сұлтан Әзиз Динараның анасы қалың мал есебінде 10 млн теңге табыстаған. Сол сәтте абдырап қалған ана басын изеп, алғыс білдірген. Алайда мұны да көпшілік теріске жорыған көрінеді.
«Үстінен 2 млн теңге берсе, анасы өзі де ұзатылып кетейін деп отыр, деп жазыпты. Оларға айтарым, анам ағылшын тілін білмейді. Олар кезінде неміс тілін оқыған, тіл білмегеннен кейін рахметін солай білдірген түрі. Сәлем салған түрі емес. Негізі біз жақсы отбасыдан шыққанбыз. 10 млн теңгеге қарап қалған жоқпыз», ― деп түсіндірді Динара.
Посмотреть эту публикацию в Instagram