Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Амал мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.
«Барша Қазақстан халқын Амал мерекесімен құттықтаймын. Ықылым заманнан бері бабаларымыз бұл күнді «Амал келді, жыл келді» деп ерекше қуанышпен қарсы алған. Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көріскен. Жыл мерекелі де берекелі болсын!» ― деп жазды Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.
Қазақстандықтар, көбіне батыс облыстарындағы тұрғындар Наурыз мейрамын тойлауды 14-і күні бастап кетеді. Бұл мерекені «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайды.
Бұл күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі, барған үйіне «Бір жасыңызбен!» деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі.