Әлемдік және қазақстандық желі қолданушылары Димаштың таяуда Алматыда өткен шоу-концертінде сахнаға шығып, өнерімен елдің назарына іліккен Әбілмансұр Құдайбергенге қатысты пікір айтып жатыр, деп хабарлайды Экспресс К.
Димаштың туған інісі Әбілмансұр — Қанат және Света Айтбаевтардың кенжесі. Қаршадайынан өнерге құштар ол биыл Астанадағы музыкалық мектепті тәмамдап, бірден Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжіне түсіпті. Көпшіліктің қызығушылығын оятқан жас музыкант жайлы оның анасы айтып берді.
«Әбілмансұр ағасы Димаштың ізін жалғап келе жатыр. Ол Димаш ағасы білім алған Қазақ ұлттық өнер университетіндегі арнайы мамандандырылған мектептің 9-сыныбын бітірді. Онда «домбырашы» мамандығы бойынша оқыды. Одан кейін өзінің көзқарасын өзгертіп, басқа аспапты таңдаймын деді. Әрине, қай жаққа талпынысы бар, қай жаққа мүмкіндігі көбірек, біз баланың таңдауын қолдаймыз. Қазір эстрадалық аспаптардың ішінде «гитара» бөлімінің бірінші курсында оқиды. Сабағының басталғанына бір ай ғана болды, осындай үлкен сахнаға шығып жатыр», — дейді Света Айтбаева.
15 жастағы Әбілмансұр осы уақытқа дейін Димаштың бірнеше әлемдік концерттерінде домбыра шертіп, оркестрмен бірге өнер көрсеткен. Ал әлем таныған ағасының Алматыдағы кешінде композиторлық қырымен тағы да көптің көзіне түсті.
Димаш Құдайберген бұл кеште өнерге бейім інісінің заманауи стильде жазылған авторлық туындысын тұңғыш рет тыңдарманның алдында тұсауын кесті және жас музыкант Әбілмансұр да белгілі сазгер Ренат Гайсиннің шығармасын гитараның сүйемелдеуімен үлкен сахнада орындап берген еді.
«Қазақта «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген аталы сөз бар. Біздің үйдің кішкентайы, Әбілмансұр да ән жазуға бейімделіп жүр екен. Ендеше жас музыканттың ең алғашқы туындысын тыңдап, бағасын беріңіздер. Құтты болсын! Іске сәт!» — деді Димаш інісіне.