Отандық шоу-бизнестің жұлдызы, көпбалалы ана Динара Сұлтан өзін шалақазақтардың қатарына қосатындарға жауап берді, деп хабарлайды Экспресс К.
Бұл туралы әнші өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялады. Айтуынша, әнші мектеп табалдырығын аттағанда орыс сыныбына барған. Ол уақыт — еліміз Тәуелсіздігін енді жариялап, өз алдына бөлек шығып жатқан кез, яғни тоқсаныншы жылдар болатын. Әнші осындай қиын кезеңдегі анасының шешіміне түсіністікпен қарайды.
«Болашақта қалай болатынын білмеген анам , мені амалсыздан орыс сыныбына берген шығар деп ойлаймын. Екіншіден, үйдің жанындағы N17 Атырау орта мектебі (лицей) жақын орналасқандықтан болар», — дейді Динара Сұлтан.
Алайда Динара орыс сыныбына барса да ана тілін ерекше құрметтеп, отбасында тек қазақ тілінде сөйлеген.
«Біз үйде анам, әкем, сіңілім тек қазақ тілінде сөйлесетінбіз, әлі де солай. Басқа тілді білмейтінмін. Анам мәдениет үйінде АНПЗ- да ұзақ жылдар орыстармен жұмыс істеді. Орысша да, қазақша да сценарийлер жазып, қазақша үйірмелер ашқан. Көбінесе орыс тілді ортада болдық. Бірақ, үйге кіргенде, үстел басында тек қазақша сөйлесіп, қазақша ойланатынбыз. Сыныпта да кей қыздар орысшалау, еліктегіш болатын. Ол да мені «сындырмады». Бірақ менің орыс тіліне еш ренішім жоқ. Керісінше ол тіл арқылы кітап оқып, үлкен көкжиектерді өзіме аштым», — дейді әнші.
Әнші 8-ші сыныпқа дейін орыс тілінде нашар сөйлейгенін, 2002 жылы Алматыға оқуға келген кезде ғана үйренгенін айтады. Кейін ағылшын, түрік және араб тілдерін оқыған.
«Қазір мені қазақша сөйлей алмайтын немесе шала қазақ қыздардың ортасына қосып қойғандарды түсінбеймін. Біз отбасымызбен «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағидамен келе жатырмыз. Және осыны бала-шағама да құйып отырамын. Тәрбие басы — тіл. Әкем мен анама шексіз рахмет, — дейді Динара Сұлтан.
Барлығын «өзімізден бастайық» деген әнші басқа ұлтты, дінді даттаудың қажеті жоқ екенін, әр қазақ отбасында қазақша сөйлеу керектігін айтты.
Әлеуметтік желі қолданушылары Дина Сұлтанды қолдап жазбасына пікір қалдырған. Бірі әншінің парақшасын тек қазақ тілінде жүргізетінін айтып мақтаса, енді бірі ана тілінде өте сауатты сөйлейтінін жазған.