Алматыдағы танымал мейрамханалардың бірінде KeshYou тобының жаңа бейнебаянының тұсаукесері өтті. KeshYou-лік қыздардың «Hula Hoop» деп аталатын жаңа әні таныстырылған жабық кеште топтың музыкалық продюсері Бағым Мұхитденова бой көрсетті. Продюсер KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, KeshYou тобының соңғы құрамы неге елге аса танылып кетпегенін түсіндірді.
Жабық кештің шымылдығын KeshYou-лік қыздар жаңа әнмен ашып, жиналғандардың ілтипатына бөленді.
Бағым Мақсатқызының айтуынша, бұл бұрын соңды еліміздегі шоу бизнесте болмаған жаңа туынды.
«Hula Hoop» KeshYou-ліктердің ән композиторы Bellezo- мен бірге жасаған жұмысы. 2006 жылы сәуірде құрылған KeshYou тобының тарихы көпшілікке таныс.
Алайда топтың соңғы құрамы аса ел есінде емес. Мұның сырын топтың музыкалық продюсері түсіндіріп берді.
«Жаңа топ құрамы қабылданған кезде елде карантин болды. Үш жылға жуық барлық жұмыс тоқтап, тоқырау болды. Үй жағдайында трендке мүлдем басқа бағыттағы өнер шығып кетті. Сол себепті бұрынғыдай топтың тез танымал болып кетуі қиынға соқты. Бірақ ештен кеш жақсы. Жалпы қазір girlsband-тердің трендке айналуы сәл қиындау.
Сұранысқа бұрынғыдай қыздар емес, жігіттер ие. Тіпті, 90-60-90 немесе бойының 170-180 см болуы да көмектеспейді. Сондықтан, KeshYou - дің қыздары қаншалықты хитке айналатынын білмеймін.
Бірақ бәрібір де тарихта қалады. Себебі топ 2006 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс жасап келеді. Әлі де заманға сай жұмыс жасай бермек», — дейді Бағым Мұхитденова.
Сондай-ақ шараға Жаһан Отарғалиев пен Балжан Бидаш, Кәмшат Жолдыбаева, Мәди Рымбаев, Ayree сынды шоу бизнес өкілдері қолдау көрсетіп келді.
«Мен қыздарға сәттілік тілеймін. Негізі KeshYou тобы өз тарихында тек тың туындылармен көрерменді қуантып жүр. Бұл жолы да ерекшеленеді деп ойлаймын», — деп ой бөлісті Балжан Бидаш.