пятница, 22 ноября 2024 г.
icon
494.87
icon
520.65
icon
4.91
Алматы:
icon
0oC
Астана:
icon
-4oC
×

«Әлі күнге жүрмейді»: 12 жастағы ұлы жайлы айтқан әнші Ayree көзіне жас алды

Көпшілікке Ayree есімімен танымал әнші Әйгерім Рақышева бұрынғы күйеуімен ажырасқаннан кейін он жыл өткенде, кездейсоқ кездесіп қалғанын айтты. Өнер иесі Динара Сәтжанға берген сұхбатында ерекше бала тәрбиелеп отырғанын және 12 жастағы ұлының жүріп кетуі үшін бәрін жасайтынын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: Динара Сәтжанның бағдарламасынан скриншот
Фото: Динара Сәтжанның бағдарламасынан скриншот

«Балам жеті айлық болып туылды. Бізге мамандар оның сәл кеш жетілетінін айтқан болатын. Алайда ол мойнын ұстай алмады, отырмады. Біз невропатологқа бардық.

Тоғыз айлығында церебральды сал ауруы (ДЦП-ред.) диагнозын қойды. Ем алмаса, кеш болатынын айтты. Осыны естігенде, басымнан соққы алғандай күйде болдым. Өзім онсызда күйзелісте жүрген адам едім. Бұл хабар жығылғанға жұдырық болды.

Осы кезде ата-анам құжаттарды реттеп, күйеуімнің ата-анасымен қосылып, мықты мамандарды іздеді. Баламның көз жасын көргенде, қолымнан ештеңе келмеді. Шарасыз күйде болдым. Бір ай ауруханада жатамыз, екі ай демаламыз. Осылай жалғаса берді.

Ұлым ауруханаға жиналғанымызды түсінгенде, көзінен қорқыныш көретінмін. Ұлым бүгінгі таңда 12 жаста. Бірақ әлі күнге жүрмейді. Біз ұлымның жүріп кетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Ол бәрін түсінеді, сезімтал.

Ол мені шексіз, сол қалпыммен жақсы көретін жалғыз ер адам. Мені олай ешкім жақсы көрмейтін шығар. Мен оны жан-тәніммен жақсы көремін. Ұлымның болғаны үшін Құдайға шексіз алғыс білдіремін. Оның барына қуанамын, ол менің алға жылжуыма күш береді», — деді көзіне жас алған Ayree.

Сонымен қатар әнші ұлының әкесімен ажырасқаннан кейін он жылдан кейін жолыққанын айтты.

«Біздің арамызда көп жағдай болды. Біз бір қосылып, бір айырылысып жүрдік. Соңғы, нақты шешімді өзім үшін қабылдадым. Ұлыма диагноз қойылғаннан кейін дәрігердің тексерілуіне барғанбыз. Басқа бірге толмаған балалар әкесінің жанында тәй-тәй басып жүр.

Күйеуіме «Сен де алып барсаңшы» деген едім. Оның көзінен ұялатынын байқадым. Сол кезде «Мен үшін не маңызды?» деп сұрадым. Баламның махаббатқа бөленіп өскенін қаладым. Оның жат көзқарастан қымсынып өскенін қаламадым. Ажырастық, ол адамға бақыт тіледім.

Осыдан кейін оған қатты ренжіп жүрдім. Ал қазір ұлым болғаны үшін ол адамға алғыс білдіремін. Осыдан бірнеше ай бұрын онымен кездейсоқ кездесіп қалдық. Он жыл бойы жолықпаған шығармыз.

Ол ұлының суретін көрсетуді сұрады. Мен сол сәтте ұлымды қызғанып қалдым. Олар ажырасқаннан кейін ұлымды көрмеді. Ол кісілерді де айыптамаймын. Себебі, оларға да жағдайды қабылдау оңайға соқпады. Бұл - өмір, солай болды. Ары қарай жүру үшін шешім қабылдау керек болды», — деді Әйгерім Рақышева.

Что думаете об этом?
Нравится 3
Мне все равно 13
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 2