Экономист маман Айбар Олжай «Бағдар» ютуб арнасына берген сұхбатында Қазақ халқының әлеуметтік жағдайы Африка елдерімен бірдей екенін айтты, − деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айбар Олжай ең төменгі жалақының жеткіліксіз екенін, сондай-ақ қазақстандықтар табысының 58 пайызын тамаққа жұмсайтынын жеткізді. «Бұл көрсеткіш Африка елдерімен бірдей» дейді ол.
«Ең төменгі жалақы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің методикасымен бекітілген. 85 мың теңге бір адамға жетпейтінін методиканы жасап отырған адамдар біледі. Біздегі басты мәселе тұрғын үймен қамтылмау. Бұл дегеніміз адамдар кем дегенде 150 мың теңгеге пәтер жалдайды. Үйі бар дейік. Коммуналдық төлем қымбаттап жатыр. Онда 85 мың теңгенің жартысы коммуналдық төлемге кетер болса тамаққа 40 мың теңге жетпейді. Біз адамның ең көп табысы азық түлікке құртылатын елдердің қатарынанбыз. Мысалы бұрын табыстың 35 пайызы тамаққа жұмсалатын. Қазір бұл көрсеткіш 58 пайызға дейін жетті. Бұл Африка елдердің көрсеткіші», − деді Айбар Олжай.
Сонымен қатар Айбар Олжай 2024 жылдан бастап әлеуметтік теңсіздіктің қысқара бастайтынын айтты.
«Олигархтардың сыртқа кеткен ақшасын қайтарып, халықтың әлеуметтік таптарына берілетін жалақына көтеру керек. Әлеуметтік теңсіздік қазақстанда қысқара бастайды. Біз 2000 жылдары әлеуметтік теңсіздікті ұлғайтуға жұмыс істедік. Үлкен олигархтар пайда болды. Олар монополиялық кландар құрды. Кішкентай адамдардың бизнестерін тартып алып жатты. Біреу базар ашса барып тартып алатын рейдерлік әрекеттер көп болды. Мұның барлығы әлеуметтік теңсіздіктің үлкейуіне алып келді. Ал бізде өз күшімен байыған байлар аз. Бізге сондай байлар керек. Бізде заңды дұрыстап, экономикалық еркіндік демократияны беріп, өз бизнесін ашқысы келетін адамдарға мүмкіндік беру керек. Біз революциядан гөрі эволюциялық жолға түсуіміз тиіс», − дейді ол.