пятница, 22 ноября 2024 г.
icon
494.87
icon
520.65
icon
4.91
Алматы:
icon
0oC
Астана:
icon
-4oC
×

Түйеге мінгенде тілі шыққан қызылордалық бүлдіршін

Ерте кезде баланың тілі шықпай кешеуілдеген жағдайда ата-әжелеріміз ырымға сеніп, түрлі амал-тәсілдер жасаған. Мәселен, нағашы жұрты қой сойып Құран оқытып, сол қойдың тоқ ішегімен баланы қылғындыратын да болған. Алайда 4 жастағы Мұхтарұлы Бексұлтанның басындағы ерекше жағдай бұрын-соңды ешкімде болмаған секілді. Үш жарым жасқа дейін тілі шықпаған қызылордалық бүлдіршін бірде түйеге мінгенде тілі анығырақ шығыпты. Осыдан кейін түйе малын көрсе бар эмоциясын көрсетіп, дауыстап сөйлей жөнелетін көрінеді. Осы ретте Turkystan.kz тілшісі мұның ерекшелігін білу үшін баланың анасы Жарқын Дарханға хабарласып, аз-кем әңгімелескен болатын.

Фото: turkystan.kz
Фото: turkystan.kz

Бексұлтан – отбасындағы бесінші бала. Анасының айтуынша, ол 3 жасқа толған күні оған «1-ші деңгейдегі жалпы сөйлеу тілінің дамымауы» деген диагноз қойылған екен. Оған дейін ата-анасында «бала ғой сөйлеп кетер», «бәлкім, еркелік болар» деген үміт болып, алаңсыз жүре берсе керек.

«Бастапқыда мән берген жоқпыз. Тек ым-ишара арқылы сөйлесетінбіз. Қасық та, тәрелке де ұстай алмайтын. Еркелігі болар дедік. Қазақпыз ғой, түрлі себеп ойлап туып, әр нәрсені сылтау етіп жүрдік. Бірақ одан кейін өмірге келген 4 баламда мұндай жағдай болмаған. Бәрі екі жасынан бастап анық сөйлеп тұрғанда кәдімгідей алаңдай бастадым.

Үш жасқа тола сала алдымен терапевт, кейін неврпатолог дәрігеріне апарып қараттым. 2022 жылы қарашада диагноз қойды. Әдепкіде аутизм деп күдіктенген едік. Негізі кез келген бала қалыпты жағдайда 1 жасынан бастап «ана» немесе «әке» деп сөйлеп кетуге тиіс. Ұлыма – қазір 4 жас 2 ай. Мамандармен де жұмыс жасауды қолға алғанбыз», – дейді анасы. 

Анасы дефектологтардың кеңесіне құлақ асып, баланың тез сөйлеуі үшін эмоциясын шығаруға тырысқан.

«Бірде төрт түлік асырайтын туысқандарымызға барып, балама түйе, жылқыны көрсеткіміз келді. Түйе күншуақтап жатқан сәтте оған баламды отырғыздық. Сол кезде бірден өркешін құшақтап, қатты ымдап, дауыстап «чу-чу», «көс-көс» деп сөйлеуге тырысты. Бірінші қуанған кездегі көрсеткен эмоциясы бізді де таңғалдырды. Сол кезді пайдаланып, көп сұрақ қойып диалог орнатуға тырыстық. Ол уақыт шамамен қазан айының соңғы күндері болатын. Балам жануарларды қатты ұнатады.

Кейін түйеге мінгізу үшін аптасына 1-2 реттен апарып жүрдім. Қос өркешінен айрылмай, жанынан кеткісі келмейді. Әр барғанда 1-1,5 сағаттан серуендетемін. Тіпті бірге отыруға рұқсат етпейді. Одан бұрын жылқыларға деген махббаты да ашылып, мінетін. Бізге керегі – оның эмоция көрсеткені. Сондай сәттерде видеоға түсіру үшін ұзақ әңгімеге тартамын. Мұның нәтижесінде жалпы сөйлеу тілінің дамуында тежеліс болып жатқан жоқ және сөйлеу белсенділігі ақырындап артып келеді», – дейді ол.

Бексұлтан 4 жаста болса да, бойында қорқынышы жоқ екенін айтады. Анасының сөзінше, оны жалғыз тас қараңғыда қалдырса да, жыламай бір бөлмеден екінші бөлмеге кіріп-шығып жүре береді. Үй жануарларының жанында да дәл солай сескенбейді, керісінше сонда көп уақыт өткізгенді қалайды.

Біздің балаларға әңгімелесу, тілдесу жетіспейді. Бала керек нәрсесін қолмен көрсетсе немесе ымдаса ата-анасы бірден оны қолына ұстатады. «Не қажет?», «Жейсің бе, ішесің бе?» деген сұрақтар қою арқылы сөзге тарту керек. Бұл –баланың сөздік қорын молайтудың бір жолы.

Бексұлтанның қазір сөздік қоры аз болғанымен, сұрақ қойса жауап бере алады. Балабақшадан да қалмай жүргеніне бір жыл болды. Бір аптада 5 күн балабақшаға барады, қалған екі күн демалысты атқа, түйеге мінуге арнаймыз. Дәрігерлер бас кезінен бастап ұялы телефон мен теледидарға тыйым салған. Ал біз баланы өмірге келген сәттен бастап телефонға таңып қоямыз. Мұның бәрі оның болашақ сөйлеу тілінің дамуына кері әсерін тигізеді», – дейді Жарқын Дархан.

Бексұлтан дамыту орталықтарына үзбей барып, қаралып тұрады. Анасының сөзінше, баламен неғұрлым көп жұмыс жасалса, оның тілін шығару соғұрлым оңай болады.

«Емханада кезекте тұрғанда Қазақстанда мұндай диагнозбен балалар саны көп екенін аңғардым. Оған анасының жүкті кезіндегі қан аздық, тұмау сынды вирустық ауруларды жұқтыруы және дәрумендер жетіспеушілігі де баланың сөйлеу тіліне әсер етеді», – дейді ол.  

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0