Танымал блогер, кәсіпкер Айсәуле Бақытбек қоғамды дүрліктірген экс-министрдің әрекетіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогердің айтуынша, қоғамдағы әйелдердің құқығын тек әйелдер ғана қорғап, мінберлерден сөйлеп жүрген көрінеді.
«Әйелдері қысымға ұшырап, қыспақ көрген қоғамның болашағы жоқ. Әйелдер үнемі өздерін қауіпті сезінетінін айтқан кезде ер адамдар таңғалады. Салтанаттың басынан өткен оқиға қоғамды қатты қоздырды. Өйткені әйелдер таяқ жеп жүрген «Қуандықтарын» есіне алды.
Біздің елдегі патриархал ойлауды өзгерту үшін тағы не істеу керегін білмеймін. Қазір елімізде әйелдің құқығын әйел ғана қорғайтынын көрсетіп отыр. Біз бірігіп, жеңіске жетеміз. Жоғары сот лайық үкім шығарады деп сенемін. Олай болмаса, өзгеріс күтпегеніміз дұрыс. Қуандық секілділер ұзақ отырады. Ол секілді әрекеттерге баратындардың да барар жері бір болмақ. Біз үнсіз қалмаймыз. Біз бұған шыдамаймыз», — деп жазды блогер.
Желі жұлдызының жазбасынан кейін, оқырман қауым түрлі пікір білдірді.
«Сенің әкең де – екінші «Қуандық». Анаңмен ерлі-зайыпты болғанда қандай қылмыс істегенін білесің», — деген желі қолданушысына Айсәуле былай деп жауап берді.
«Жараны тырнаған ниетіңіз үшін қуаныштымын. Енді өзіңізді жақсы сезінетін боларсыз. Жалпы, менің жеке парақшама және әрбір жазбама ата-анамның басынан кешкен оқиғаларды жазбайтын адамды жақсы көремін. Сіз ол оқиғаны ұмытып кеткендей есіме түсіресіз. Бірақ рақмет, мен оны ұмытқан жоқпын», — деп жауап қатты блогер.