Танымал әзілкеш, актер Тұрсынбек Қабатовтың әйелі, продюсер Мөлдір Мұқанова ескі әндерді нақышына келтіре орындап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шоу-бизнес өкілі Нұрлан Өнербаевтың репертуарындағы «Қарағым-ай » әнін орындап, ескі әндерге деген сағынышын жеткізді.
«Ескі әндер – есті әндер» деп керемет айтқан ғой, шіркін. Байқасаңыздар ескі әндерге ремикс жасап айтып, танымал боп жатқан жас әншілер көп. Жастардың назарын жаулаған TikTok-та да қазақтың әндері трендте. Қазағы бар, орысы бар, жасы бар, кәрісі бар жарыса қазақша трендттер салып жатады. Кезінде жасөспірім кезде біз де сөзін ұқпасақ та, шетелдің әнін тыңдап, шетелдің әншісін кумир көріп жүретінбіз. Қазір сол әндердің аудармасын оқысаң масқара енді. Әлі де тыңдаймыз, сағынып еске аламыз. Бірақ баяғыша есіміз кетпейді. Енді ойлап отырсам, 30-дан кейін ақырындап адамның ұлттық рухы өздігінен ояна бастайтын сияқты. Қанша жерден орыстанған деген қазақтың өзі де Шәмшінің әндеріне қосылмай отырмайды. Ертең біздің балалар да отбасы болып, бір-бір шаңыраққа айналғанда осы әндерді шырқап отыратыны хақ. Өйткені олардың әке-шешесінен көргені сол, жас шақта еліктегеніміз шетел болса да, біздің де әке-шешемізден естіп өскен әндеріміз – осы. Адам тамырынан ажырап ешқайда бармайды деген сол болса керек», – деп жазды продюсер.
Желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, продюсердің даусының кереметтігін айтып жатыр.
«Тұрсынбектің тасасында жүрген талант», «Жүрекке жеткізіп орындадың», «Керемет дауыс иесі», «Жүректі дір еткізді», «Денем шымырлап кетті», – деп жазып жатыр оқырман қауым.