Қыркүйектің соңына дейін Qazaq Air әуе компаниясы вьетнамдық инвесторға сатылмақ. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Марат Қарабаевтың айтуынша әуе компаниясы 2 млрд теңгеге ($4,1 млн) бағаланған.
«Мамыр айында президент Qazaq Air-дің вьетнамдық компанияға сатылатынын хабарлады. Ол мәміле қашан аяқталады, компанияның қарызы бар екенін ескерсек, құны қанша болады?» - деп сұрады журналист.
Инвесторға да бірнеше міндеттер қойылды. Елімізде және шетелге ұшатын 20 ұшақ сатып алуы қажет. Дегенмен олар 50 әуе көлігін сатып алуды жоспарлап отыр.
«Келісімшарттың бір сатысына қол қойылды. Қыркүйектің аяғына дейін мәмілені аяқтаймыз деп отырмыз. Келісімшартта Qazaq Air-дің бүкіл қарызын өтеу міндеттелген. Төлемнің кезеңі әлі анықталған жоқ. Екіншіден, сатып алушы компанияның Қазақстан ішінде және сыртына тасымал жасайтын 20-дан кем емес әуе көлігін тіркеу міндеттемесі қарастырылған.
Жалпы инвестордың өзі 20 емес 50-ге дейін әуе көлігін тартамын деп отыр. Яғни, нарықта тағы бір айтарлықтай күшті ойынша пайда болады деген сөз. Мысалы, SCAT компаниясында 50-ге жуық борт, Air Astana-да 54 борт бар. Сонда нарықта солармен шамалас үшінші ойыншы болады. Бұл бәсекеге, билеттердің бағасына оң әсер ететіні сөзсіз», - деді ол.
Келіссөзді «Самұрық-Қазына» қоры жүргізуде.
«Келісімшарттың құны бар. Меніңше, 2 млрд теңге шамасында болды-ау деймін. Жалған ақпарат болмау үшін қосымша тексереміз, хабарлаймыз», - деді Марат Қарабаев.