Биыл Ақтөбе мен Алматыда орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін еліміздің барлық аумағында қауіпсіздік шараларының күшейтілгені белгілі. Сол секілді Оңтүстік Қазақстан облысында да халыққа түсіндіру жұмыстары жиіледі. ОҚО Дін істері басқармасының жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ оқу орындарынан бастап мемлекеттік мекемелерді, тіпті, шалғай ауылдарды да аралап, жастардың теріс діни ағымдарға өтіп кетуіне кедергі келтіріп бағуда.
Жалпы, деструктивті ағымдардан қалай сақтану керек? ОҚО-да жүріп жатқан алдын алу шаралары қаншалықты нәтижелі? Мына салафизм идеологиясының қаупі қандай, оның қатарына жастар неліктен кетіп жатыр? Бұл сауалдарға жауапты танымал дінтанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Сұлтанмахмұт Абжаловтың E-islam порталына берген сұхбатынан іздеп көрдік.
«...Теріс діни ағымдардан қорғану үшін елімізде ақпараттық саладағы жұмыстардың қарқыны жоғары болуы керек. Ақпарат кімнің қолында болса, ол адам халықты өзіне ерте алады. ҚР азаматтарының ДАИШ-тік және басқа да экстремистік мазмұндағы насихаттарға ілігуі жергілікті діни насихатта әлі де әлсіздіктер барын көрсетеді. ДАИШ-тықтар өзге де радикалды, деструктивті ағымдар тәрізді адам тарту әдістерін жетік меңгеріп алған. Олар адамдардың әлсіз тұстарын, өмірдегі сұраныстарын өте жақсы біледі. Әлбетте, бұл секілді ұйымдардың аяқ астынан пайда болып, бірден дамып кетпейтіні белгілі. Олардың артында үлкен мүдделі күштердің бары қазіргі кезде ешкімге жасырын емес.
Ғаламтордан бөлек, тәрбие мәселесі де күн тәртібіндегі маңызды мәселе қатарында. Ата-аналардың балаларға дұрыс тәрбие бере алмауы әсерінен оларға дұрыс жол нұсқалмайды. Заман талабына байланысты қазір барлық ата-ана күнкөріс қамымен жүреді. Осының әсерінен бала тәрбиесі өз деңгейінен қалыс қалуда.
Жастардың ДАИШ тәрізді ұйымдар қатарына кіруіне себеп болатын келесі мәселе ол – әлеуметтік тұрғыдағы мәселелер. Бүгінгі таңда көп жастар тұрақты жұмысқа тұра алмайды, баспанаға қолы жетпейді. Кейбіреулерінің тиісті білімі жоқ, ал кейбірі қолдан жасалған кедергілер әсерінен өзі қалаған қызметке орналаса алмайды. Осыдан соң күзетшілік, даяшылық тәрізді қысқа мерзімді, болашағы жоқ қызметтер атқаруға немесе жұмыссыз болып жүруге мәжбүр болады. Өмірде осындай келеңсіздіктерге тап болып, іші наразылыққа толы жанды ДАИШ-та, өзге діни ағымдар да өз қатарына тез тарта алады...», - дейді теолог-ғалым.
Оның айтуынша, теріс діни ағымдардың алдын алу үшін алдымен жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуіміз қажет. «Тұрақты жұмыс орны, баспанасы, жеткілікті айлық табысы бар жас азамат радикалды ағымдар қатарына қосылмайды. Өз еліндегі тіршілікке қанағаттанған жанның өзге елдегі мақсатсыз, баскесерлік соғысқа қатыспасы анық», - дейді ғалым.