воскресенье, 24 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-2oC
Астана:
icon
-11oC
×

ДАИШ ислам дінін саяси құрал еткен террорлық топ – дінтанушы

Таяу Шығысты қанға бөктірген «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) лаңкестік ұйымына тоқтау бола ма? Әлдебіреулердің саяси ойынынан қаншама мемлекетте жазықсыз халықтың қойша қырылып жатқанын көру қандай қасірет еді. Сөзге келгенде әлем қарсы болғанымен, іске келгенде бәрі басқаша болып тұр. Уақыт өткен сайын күш алып, жұмыр жерді дүрліктіретіндей бұл ДАИШ қайдан шыққан ұйым? Содырлардың сойылын соғу үшін біздің қандастарымыздың да Сирияға аттануына не себеп?

Иә, ДАИШ-ты пайда болған уақыттан бері зерттеп келе жатқан белгілі саясаттанушы Ерлан Қариннің айтуынша, Таяу Шығыстағы соғысқа Қазақстаннан 500-ден астам ер азамат аттанып кетіпті. Олар жалғыз кетпей кішкентай балаларын да ерте кеткен. Араларында Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары бар. Солардың бірі – шымкенттік мұғалім.

Бұл жайттан кейін өзге өңірлердегі секілді Оңтүстік Қазақстан облысында да қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Тіпті, биыл салафизм идеологиясы мен өзге де теріс діни ағымдардың алдын алу мақсатында Дін істері басқармасы жанынан «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» да құрылды. Аталған орталықтың мамандары облыстағы оқу орындарын, аудан-қалаларды және шалғай ауылдардың бәрін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Күн тәртібіндегі басты мәселе – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу.

Ал, ДАИШ-тың мақсаты не, олардың исламмен расында да байланысы бар ма, қазақ азаматтары ол ұйымның қатарын не үшін толықтырып жатқанын танымал дінтанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Сұлтанмахмұт Абжалов былайша түсіндіреді:

– Бұл террорлық ұйымның қалай пайда болғаны, мақсаты, қаржыландыру көздері жөнінде БАҚ-та аз айтылып жүрген жоқ. «Ислам мемлекеті» немесе ДАИШ бүгінгі таңда әлем қауымдастығының бас ауыртарлық мәселесі болып тұр. Аз ғана уақыт ішінде күшейіп кеткен терроршылар Ирак пен Сирияның аумағын қанға бөктіруде. Бұлар атышулы «әл-Каидадан» әлдеқайда асып түсті. ДАИШ сарбаздары қатыгез әрекеттерімен барша адамзаттың бойына үрей ұялатуда. Белгілі бір мемлекеттерге қоқан-лоққы ретінде шығарылған бейне жазбалары ғаламторды шарлап жүр. Олар үшін адам өмірінің еш құны жоқ екені осы бейне жазбалардан айқын көрінеді.

ДАИШ деген атаудың өзінде «Ислам мемлекеті» деген сөз бар. Яғни, бұл топ өзін ислам дінімен байланыстырады және жер бетінде халифат орнатуды көздейді. Ұйым 2014 жылы 25 маусымда өздерін халифат деп жариялады. Бұқара халық ертедегі Араб халифаты жөнінде, Осман халифаты жөнінде біледі.

Ғалымның айтуынша, ДАИШ пен ислам дінін мүлдем бір қатарға қоюға болмайды.

– Шын мәнінде ДАИШ ислам дінін саяси құрал еткен террорлық топ. Дәл қазіргідей аяусыз қатаң жазалар, қатаң әрекеттер ислам тарихында бұған дейін болмаған. Терроршылардың қазіргі іс-қимылдары Құранға, Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларының жолына қайшы. Бейбітшілікті ту еткен, мейірімділік пен сүйіспеншілікті таратқан дін ислам мен бүгінгі ДАИШ-тың жолы екі басқа. Қазіргі таңда сарапшылар бұл топтың діни ғұрыптарға немқұрайлы қарайтынын айтып жүр. Терроршылар арасында Құраннан, Пайғамбар сүннетінен хабарсыз жандар да көп. Олар, тіпті, адам саудасымен де белсенді түрде айналысуда. Міне, осы тәрізді дәйектер ДАИШ-нің исламнан алшақ екеніне дәлел бола алады, - дейді дінтанушы ғалым.

Оның пікірінше, қазақ жастарының Сирияға аттануы – тәрбиенің дұрыс болмауынан.

– Рас. Бұл өте өкінішті жағдай. Астана қаласының Есіл аудандық сотының 2015 жылғы 15 қазандағы шешімімен ДАИШ террорлық ұйым деп танылып, елімізде қызметіне тыйым салынды. Ресми мәлімет бойынша дәл осы террорлық ДАИШ ұйымы қатарында қазақстандық 400-ге жуық азамат соғысып жүрген көрінеді. Олардың арасында жас азаматтар көп. Жастардың ДАИШ-қа қосылуы туралы айтқанда бірінші кезекте діни сауатсыздықты сөз етеміз. Қазақ жастары әлі де діннің дұрысы мен бұрысын айыра алмауда. Әлдебір діни идеологиялық топтар діни сауаты төмен жастарымызды оп-оңай өз қатарларына қосып алып жатыр. Еліміздегі діни сауатсыздық мәселесінің төркінін біз кеңестік кезеңмен байланыстырамыз. Сол кезеңде діннен хабар жоқ болып өскен буын, бүгінгі күні өз ұрпағына жеткілікті діни тәрбие бере алмауда. Дегенмен, мәселеге осы құбылысты ғана кінәлап, еш әрекетсіз отыруға тағы болмайды. Діни сауаттылықты көтеру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар өз деңгейінде жүруі тиіс. Ол үшін дін саласына жауапты мамандардың біліктілігі жоғары болуы, ҚМДБ имамдарының деңгейі экстремистік, сектанттық идеологтардан озық тұруы қажет. Қазір дін алаңында бәсекелі күрес жүріп жатыр. Салафилік, радикалдық, экстремистік топтар дәстүрлі ханафилік мәзһабымызда жүрген ҚР мұсылмандарын өз қатарларына тартуға барынша тырысып бағуда, - деп сөзін түйді Сұлтанмахмұт Абжалов.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0

В статье: