+7 (7172) 30 85 71

Написать нам в WhatsApp: +7 (707) 888 02 16
13.11.2016 в 08:41

Екпеден қорқудың қажеті жоқ

Жасыратыны жоқ, соңғы бірнеше жылдан бері елімізде сәбилерге екпе егу мәселесі үлкен проблемаға айналып кетті. Бұл проблема Оңтүстік Қазақстан облысын айналып өтпегені белгілі. Өзге өңірлердегі секілді мұнда да балаларына дәрі егуге түбегейлі қарсылық танытып отырған ата-аналар жетерлік. Денсаулық сақтау саласы мамандарының сөзіне сенсек, егілмеген сәбилер саны бүгінде жүзге жуықтапты.

Дәріден бас тартатын ата-аналардың дені салафилік ағымды ұстанушы діндарлар. Олардың сенімінде екпе егу Аллаға серік қосқандай күнә болып саналады екен.

Расында солай ма? Әрине жоқ! Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының имамдары мұны жоққа шығарып тастағалы қашан?! Дей тұра «діндар» ата-аналар өз дегендерінен әлі де қайтар емес.

Екпе жасау дұрыс емес дейтіндер өз қарсылықтарын шариғатпен байланыстырады. Олар: «Ислам екпе жасатуға тыйым салады», «Екпе жасату – тағдырға қарсы шығу», «Вакцинация – шайтанның зәрі» деп біледі. Ал, медицина саласының мамандары ғылыми тәжірибелерге сүйеніп, екпе жасату дұрыс әрі қажет дейді.

Деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 4 миллионға жуық адам 21 түрлі инфекциялық ауруға қарсы егіледі екен. Ал иммундау шараларына бөлінетін қаржы соңғы 7 жылда 12 есеге артып, 15 миллиард теңгеге жеткен. Екпе ектірудің оң нәтижесін де көріп отырмыз. Мәселен, соңғы жылдары оба, күйдiргi, тырысқақ, конго-қырым қанды безгегі, полиомиелит сынды аса қауiптi жұқпалы дерттер елімізде тіркелмеген.

Осы орайда екпені ектіру ем бе, әлде дерт пе деген оймен медицина және дін мамандарының пікіріне жүгінгенді жөн санадық.

Мария ОМАРОВА, Х.Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Менің ойымша, әлі де болса екпеге қатысты анық ақпараттар халыққа жеткіліксіз. Содан кейін халық қарақшылық жолмен шекара асып келген түрлі дискілерді көріп, екпе жөнінде теріс ақпараттың жетегіне еріп жүр. Елімізде инфекциялық ауруларға қарсы алғашқы вакцинация бала дүниеге келген соң төрт күн ішінде салынады. Бұл туберкулез бен «В» вирусты гепатитіне қарсы егіледі. Ал, бала екі, үш, төрт айға толғанда «В» вирусты гепатитіне, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, гемофильді инфекцияға қарсы салынады. Халық арасында екпенің тиімділігін кеңінен насихаттай түсу керек. Мәселен, соңғы 20 жыл ішінде қызамықпен ауыру 291 есеге, көкжөтел – 21 есеге, дифтерия – 96 есеге, эпидемиялық паротит – 122 есеге төмендеген. Сондай-ақ, екпе егу басталғанға дейінгі уақытпен салыстырғанда балалар арасындағы «В» вирустық гепатитімен ауыру 137 есе азайды. Осы секілді ақпараттар халыққа кең насихатталуы қажет. Бүгінгі таңда әр елдің балаларға, ересек адамдарға арналған вакцина салудың өзіндік ережелері бар. Қазақстан 1995 жылдан бастап 2008 жылдың ортасына дейін сол кестемен жұмыс жасап келді. 2008 жылдан бері Үкімет қаулысы бойынша ұлттық кестеге қосымша вакциналар енгізілді. Вакцинацияның көмегімен түрлі инфекциялардан болатын ауруларды барынша қысқартуға, тіпті ауруды жоюға да болатынын көріп отырмыз. Полиомиелит, дифтерия, қызылша секілді көптеген инфекциялардың таралуы осыған дейін әлемдік медицинада үлкен мәселе болып келген еді. Бүгінде екпе бұл мәселені толығымен шешті.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, «E-Islam» порталының бас редакторы, философия ғылымының кандидаты, дінтанушы.

– Біздің Конституциядағы сияқты исламда да ең құнды нәрсе – адам өмірі. Ислам адам өмірін сақтауға, оны қорғауға әмір етеді. Сондықтан да Алла тағала адам денсаулығына зиян келтіретін нәрселерді арам етіп, пайдалы дүниелерді адал қылған. Ал енді түрлі дерттердің алдын алатын вакцинацияға келер болсақ, шариғатта бұған қарсы анық тиым салынбаған. Керісінше, дін ислам адам денсаулығын қорғау мақсатында кез-келген дертке қарсы күресуге шақырады. Мына мысалға назар салайық, халифа Омар (р.а) өз заманында Шам еліне сапарға шығады. Жолда сол елдің оба ауруына шалдыққанын естіп, онда кірмей, «Пайғамбар (с.ғ.с) бір жерде оба болса, ол жерден шығуға немесе кіруге рұқсат бермейтін» деп, кері оралған. Халифаның мақсаты әлгі індетті жан-жаққа тарқатпай сол орында қалдыру еді. Қазіргі тілмен айтқанда, сол аймаққа карантин жариялаған. Ал енді Әбу Һурайра есімді сахаба пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисін келтіреді: «Алла барлық ауруға шипасын қосып жаратқан». Келесі хадисте: «Өлімнен басқа барлық аурудың шипасы бар». Яғни, адам шалдыққан дертіне қарсы ем жолын іздеуі міндетті. Өйткені, аталмыш хадисте әрбір дерттің нақты шипасы айтылмаған тек, жалпы түрде кез келген аурудың шипасы бар екені ғана көрсетіледі. Осылайша пайғамбар (с.ғ.с.) адам баласын түрлі дерттің шипасын іздеуге шақырады. Басқаша айтқанда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» десек те болады. Ал вакцина салдыру – осындай дерттердің алдын алудың бір шарасы деп қарауымыз керек. Ойымды мына мысалмен нақтылағым келіп отыр. Исламдағы бес парыздың бірі – қажылық рәсімін алайық. Осындай қасиетті сапарға шыққалы тұрған қажыларымыз Мекке шаһарына аттанбас бұрын міндетті түрде түрлі ауруларға қарсы екпе салдырады. Бұл қажылық сапарына шығу шарттарының бірі. Мұны салмаған адам қажылыққа бара алмайды. Демек, екпе алу арқылы адам өзін әртүрлі аурулардан қорғайды екен.

Осы орайда айта кету керек, ОҚО Дін істері басқармасы жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің мамандары екпе ектіруден бас тартқан ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтижесінде райынан қайтып, медицинаға сенім білдірген ата-аналар қатары артыпты.


Редакция

Новости Казахстана

Полное воспроизведение или частичное цитирование материалов агентства допускаются только при наличии гиперссылки на ИА «NewTimes.kz» в первом абзаце. Фото- и видеоматериалы агентства могут быть использованы только с указанием авторства «NewTimes.kz». Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2013-2019, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. Реклама на сайте

Республика Казахстан, 010000
г. Нур-Султан (Астана), К. Сатпаева, 13А
Тел.: 8 (7172) 308571
Email: n.times@mail.ru

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

  Яндекс.Метрика