+7 (7172) 79 78 20

Написать нам в WhatsApp: +7 (700) 402 32 92
06.11.2016 в 20:09

Дінтанушы: Үй ішінен үй тігуге жол жоқ!

XV ғасырдың екінші жартысында Дешті-Қыпшақ даласында тілі мен ділі, салт-дәстүрі, сенім-нанымы, рухани дүниетанымы, саяси мүддесі және өмір сүрген кеңістігі ортақ түркі тайпалары бір шаңырақтың астында бас қосып, Қазақ мемлекетінің негізін қалады. Сол дәуірдің алғышарттарымен қараған болсақ, мұрат-мақсаты әрқилы тайпалардың бірігіп, бір мемлекеттіліктің негізін қалауы мүмкін емес еді. Яғни, Қазақ хандығы – қай жағынан алып қарағанда да діті мен қалауы бір түркі тайпалардың құрған саяси бірлестігі еді.

Қазақ хандығы және осы мемлекетті құрған Қазақ ұлты басынан тарихтың небір соқтықпалы тағдыр кешулерін өткерді. Мемлекеттілікті сақтау үшін жүз жылдан астам уақыт Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті. Ресей патшалығының отаршылдық саясатының құрбаны болды. Кеңес империясының әміршіл-әкімшіл жүйесінің тезінен де өтті. Соңында Тәңір жарылқап Қазақ ұлты ХХ ғасырдың аяғында (1991 жылы) мемлекеттілігін қайта тірілтті. Бодандықтың көрінен бостандыққа шығып, тәуелсіз ел атанды.

Қазақ жұрты тәуелсіздікті тұғырлы һәм мемлекеттілікті баянды ету үшін кешенді реформа жүргізуді қолға алды.  

Қазақстан халқы референдум арқылы 1993 жылы және 1995 жылы өз Конституциясын қабылдады.  Қазақстан Республикасы 1995 жылғы Атазаңда мемлекеттілікті нығайтатын құқықтық нормалар бекітті. Мысалы, Атазаңымыздың 2-бабында «Қазақстан Республикасы − президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» және «Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» деп унитарлы мемлекет құрғанын паш етті. Сондай-ақ, Атазаңымызың 5-бабында «Мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады» деп мемлекеттік біртұтастықтың сақталуының аса маңызды функция екендігін шегелеп көрсетті.

Атазаңымыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп мемлекетіміз дін мәселелерін зайырлылық қағидаттардың шеңберінде шешетінін атап көрсетті. Сонымен бірге, Атазаңымыздың 14-бабында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» және 19 бабында «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» деп азаматтардың діни құқықтарын қорғау үшін діни-сенім бостандығы жарияланды.

Қазақстан Республикасы діни мәселелерді реттеуде зайырлылық қағидаттарын негізге ала отырып, саяси һәм рухани тұрақтылықты қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Еліміздің дін мәселелерін реттеудегі негізгі құқықтық нормативті актісі 2011 жылы қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының  преамбуласында «...Ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын...» атап өткен.

Елімізде Ханафи мәзһабы діни наным-сенімі бағытында 2500-ден астам мешіттің басын біріктіріп отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмыс істейді.  ҚМДБ ұйымдастыруымен 2015 жылы өткен І Имамдар форуымында «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы» атты стратегиялық құжат қабылданды. Осы құжатта Ханафи мәзһабы: «Бұл мәзһаб – Қазақстан мұсылмандарының сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан сара жолы» деп ханафи ұстанымының халықтың арман-мұраттарымен біте-қайнасып жатқандығы баса айтылды.

Дін саласындағы заңнамалық құжаттарда  ханафи мәзһабының рухани рөлінің мойындалуының басты себебі – қазақ халқы осы мәзһабты ұстанумен рухани тұтастыққа қол жеткізген. Мұны кезінде ХІХ ғасырда этнограф-ғалым В.Радлов алты мың шақырымдық аймақты мекендейтін Қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-санасы, ойлау жүйесі, дүниетанымы, сенім-нанымы  бір екенін көріп, «Бұл не деген рухани тұтастық» деп тамсана жазған болатын. Яғни, Ханафи мәзһабының құндылықтары Қазақ халқының мәдени һәм рухани ұйытқысы екендігі баршаға аян.  

Тәуелсіздік алғаннан кейін ел аумағында Алаштың тұтастығына сына қаққысы келген дүбара діни топтар бой көрсетті. Оның ішіндегі мемлекеттің конституциялық құрылысы мен қоғам мүддесіне қауіпті деп танылған «Аль-Каида», «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»), «Асбат аль-Ансар», «Ихуан муслимин», «Талибан» қозғалысы, «Боз гурд», «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер», «Лашкар-е-Тайба», «Әлеуметтік реформалар Қоғамы»,  «Хизб-ут-Тахрир», «АУМ Синрикё», «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы», «Түркістан ислам партиясы», «Джунд-аль-Халифат», «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі, «Таблиги джамагат», «ат-Тәкфир уәл Хиджра», «Ан-Нусра», «ДАИШ» ұйымдарына ресми тыйым салынды.

Бұл діни ұйымдардан басқа ел аумағында Пәкістан, Қырғызстан, Түркия, Мысыр, Ливан және т.б. мемлекеттерден келіп діни қызмет жасап жатқан жамағаттар бар. Олардың кейбірі діни бірлестік емес, білім беру мекемесі, келесі бірі – қайырымдылық қор, келесісі – коммерциялық ұйым ретінде тіркеліп жұмыс істейді. Тіпті, базбір шетелдік кейбір діни жамағаттардың Қазақстанда ешбір өкілдігі болмағанмен, олардың діни идеологиясын тасымалдаушы жекелеген уағызшылар да баршылық. Діни  жамағаттар қазақ қоғамына өз діни идеологиясын сіңіруді көздейді.

Қазір діни алаңда белгілі бір деңгейде жамағаттар арасында бәсекелістік те бар десек асыра айтқандық емес. Әлбетте, сырттан енген діни жамағаттардың Алаштың бірлігін ойлап аза бойы қаза болмайтыны әмбеге аян. Діни жамағаттар Алаш жұртын бөліп-бөліп, телім-телім етіп қанжығасына бөктеріп әкетуден тайынбайды. Осындай қауіптердің алдын алу үшін Қазақстан Республикасы 2011 жылы қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында Ханафи мәзһабына ерекше мәртебе бергенболатын. Сондай-ақ, «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасында» «Ханафи мәзһабы – Қазақстан мұсылмандарының сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан сара жолы» деп, ҚМДБ-ның алдағы уақытта Ханафи мәзһабына басымдық беретіні атап көрсетілді. Яғни, келешекте де Қазақ халқының рухани сұранысы Ханафи мәзһабы құндылықтарымен суарылады. Басқа жол біздің рухани мүддемізбен ұйыспайды. 

Мұхан ИСАХАН,

дінтанушы, ОҚО


Редакция

Новости Казахстана

Полное воспроизведение или частичное цитирование материалов агентства допускаются только при наличии гиперссылки на ИА «NewTimes.kz» в первом абзаце. Фото- и видеоматериалы агентства могут быть использованы только с указанием авторства «NewTimes.kz». Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2013-2019, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. Реклама на сайте

Республика Казахстан, 010000
г. Нур-Султан (Астана), К. Сатпаева, 13А
Тел.: 8 (7172) 797820
Email: n.times@mail.ru

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

  Яндекс.Метрика