суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
2oC
Астана:
icon
-5oC
×

Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізге ағылып келген түрлі діндермен күресеміз деп ойлаған жоқ едік...

Қазақстан тәуелсіздігін алған сәтте халқымыздың «азат болдық», «еркіндікке қол жетті» деп қуанғаны белгілі. Сонымен қатар, атеизмнен құтылып, асыл дінімізді ұстануға да мүмкіндік туғанына Жаратушыға мың шүкір айтқанымыз әлі есте. Алайда, Қазақстанға тәуелсіздікпен бірге шет елдерден ағылып діни миссионерлердің келетінін ол кезде ешкім болжай қойған жоқ. Нәтижесінде, бос тұрған рухани кеңістікті түрлі сектанттармен бірге араб елдерінен келген салафилік ағымдар да жаулап алды.

Еліміздегі діндарлардың көбі осындай пікірде. Аяққа әлі тұрып үлгермеген жас мемлекетте діни ілімнің болмауы салдарынан түрлі теріс ағымдар жастарымыздың санасын улап, біразын радикал етіп тәрбиелеп шығарды. Дегенмен, жіберілген осынау кемшіліктердің орнын қазір жабуға мемлекет білек сыбана кірісіп кетті.

ОҚО Дін істері басқармасы жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ директорының міндетін атқарушы Мәди Бесбаевтың айтуынша, мемлекет дін мәселесіне алаңдаулы және дінді тұрақтандыру үшін бірқатар заңдар да қабылдап үлгерген.

– Біз Тәуелсіздік алдық, ата дінімізге оралдық деп мәз болдық. Балаларымызды араб елдеріне оқуға жібердік. Араб елдері мен Пәкістан еліне барып сол жақтағы дұрыс емес бағыттардан үйреніп келді де, біздің ата-бабаларымыз ұстанған бағытты дұрыс емес екен деп шықты. Мәселе сол жерден басталды. Және де біз діни тұрғыдан жетпіс жыл бойы кеңес одағының тұсында болдық. Атеизм деген ұранмен тәрбиелендік. Ол кезде мұндай ведомства да, мұндай орталық та, маман да, мұндай проблемаға душар боламыз деп ойлаған да жоқпыз. Ал олар біздің рухани кеңістігіміздің бостығын пайдаланып, кіріп кетті. Міне соның нәтижесі қазіргі таңда жемісін беріп отыр. Бірақ, мемлекет бұл мәселеге алаңдаулы болғандықтан дін мәселесін қолға алып отыр. 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданғаннан кейін дін мәселесінде біраз нәрселерді реттеу қолға алынды. Қазіргі жасалып жатқан іс-шаралардың барлығы осы заң аясында болып жатыр. Бұрын да заң бар еді, бірақ ол заң 1992 жылы қабылданды. Ол кезде кейбір мәселелерге жіті мән бере алмадық. Жаңа заңның аясында ведомства құрылып, әр облыста дін басқармасы ішкі саясат құрамында жұмыс істеуде. Дінтанушы мамандарды жинап жатыр. ҚазМУ, ХҚТУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Е.Бөкетов атындағы ҚМУ грант негізінде дінтану мамандықтарын дайындайды. Сол жақтан шыққан мамандар осындай орталықтарда, мемлекеттік қызметте немесе ЖОО-да өзінің қызметтерін атқарып жатыр. Бұл үрдіс жалғаса беретін болса бізде діни мәселеде проблема болмайтын шығар деп ойлаймын, - дейді дінтанушы ғалым.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0