вторник, 23 апреля 2024 г.
icon
445.66
icon
474.58
icon
4.78
Алматы:
icon
17oC
Астана:
icon
15oC
1xadv
×

Теріс ағымдардың қоғамға кері ықпалы

Екі мың жылдықтың әрісінде де тағлымы мен танымын тасқа басқан, өркениеті өрелі істері мен қадірлі де қасиетті құндылықтардан құралған, өріс алған бетінде сәулет пен дәулеттің келелі кенін тап басқан, дүниетаным, көзқарас, ой-парасаты жүйелі, қонар қоныс ел-жұртын киелі санаған халық түркілер еді. Ұлы өркениеттің асыл мұралары күні бүгінге дейін жер қойнауынан оқтын-оқтын табылып, ұрпақ санасына ұлағатты тірлік кешкен бабалар ғұмыры сәуле шашып тұр. Түркі дүниесінің кісінің таңданысын тудыратын жәдігерліктері аз емес. Айналадағы жұрт жабайы тірлік кешіп жатқанда жарты әлемге жарық сыйлаған, алғашқылардың бірі болып энолит, мезозой полиолит дәуірлерінен-ақ тас, қола, мыс, темір қорытып, бұрын болмаған мәдениет үлгілерінің ізін салып, жалпыға ортақ мәдени үрдістің нобайын жасаған түркілердің осылай жарық жұлдызға айналуына не себеп болды? Жарты әлемді билейтіндей күш-қуат көзі – бірлік, ынтымақ бұларға қайдан келді?

 

Әуелден «құдай жалғыз» деп тану, «жаратушы – бір Тәңір» деп ұғу түркілерге берісі сына жазуынан белгілі екені анық. Әрісі әлімсақтан мұсылманмын дейтін түркілік таным Адам – Ата жаралғалы бері Жаратушының ханифтік дінінен тамыр тартатынын паш етіп келеді. Міне, осы бір Жаратушы - Жалғыз Тәңір сенімі түркілерді туыстырып-табыстырды, бірлестіріп-біріктіріп, ынтымақтастырды, бір бүтін тұтас елге, халыққа айналдырды. Сенімі таза, танымы терең, мұраты биік халық ұлы даланы ен жайлап, бірнеше мемлекеттер бірлестігін құрды. Діні бірдің ділі де мәдениеті де үндес, үйлесімді келетініне тарих куә. Көк аспанның астында көк түріктер осылай жалғыз Құдайы – көк тәңіріне сыйынып өркениет құрды, көк байрағын мәңгі тікті.

Әрине, әлемде әр түрлі ұлыстар мен ұлттар түрлі идеялар мен мұраттарды ту етеді, түрлі сенім-наным, діни ұғымдарға жүгінеді. Ұлттар мен ұлыстардың ара қатынасы барысында, әсіресе, діннің ролі айқын басымдыққа ие бола берді. Ел дауы мен жер дауы, байлық үшін талас-тартыстарда оны пайдалану саясаты өмірге дендеп кірді. Көнеден жеткен жәдігерлер мен тарихи жазбалар мұны дәлелдеп отыр. Тап бүгін де біз дінді саяси құрал – соғыс құралы, өзге елге үстемдік етудің құралына айналдырып отырған жағдайдың куәсі болып отырмыз. Шындығында дін соғыс құралы, үстемдік, зорлық құралы болмауы тиіс екені оның шынайы мәтіндерінен анық ұғынылады. «Шынайы мәтін» дегеніміз – мәтіні өзгертілмей толық сақталған, илаһи мәнін жоғалтпаған, адамзатқа ортақ уаһилік тегі бүтін, бүлінбеген деген ұғымды береді.

1991ж.. Әлбетте мұндай мәтін – ол қасиетті Құран екені анық. Оған дейінгі кітаптар өзгертіліп, халықтар, құрлықтараралық қарым-қатынаста теріс ықпалы артқан сайын ұлттар мен ұлыстар олардан бас тартты *3 А.Төлегенов, Ислам атын жамылған кері ағымдар, Алматы, 2012ж., 40 бет. Оның соңы түрлі соғыстар, экологиялық апаттар – зілзәлә мен топан суларға ұласқаны тарихтан мәлім жайт. Сондай бір апаттардың соңында жер бетінде тыныс-тіршіліктің тоқтап, адамзат ұрпағы жойылып кете жаздағаны да рас.

Бүгін әлемді тұтас қамтыған геосаяси ықпалдастықтар ауанында ескі идеяны жаңарған заманның заманауи техникасын пайдалана отырып діндер текетіресін ұйымдастыру мақсатты түрде жүргізіліп жатыр. Мұның мақсаты да айқын. Ол үстемдік ету мәселесі сыртқы күштердің бағдарына сай жүріп отырғаны жасырын емес. Міне, дінді желеу етіп, стратегиялық мүдде үшін өзгелерді қырып-жою саясаты ашық жүріп жатқанының біз де куәсі болып отырмыз.

Дінді саяси құрал ретінде пайдаланушылар әуелі б.з.б. ІҮғ. Пайда болды. Христиан діні атынан католик шіркеуін құрушылардың алғашқы соборы – Никей соборы 325ж. Константин патшаның жарлығымен шақырылды. Кітапты қолдан жазу, шындыққа жанаспайтын жалған мәліметтер жинағын қасиетті Інжіл деп жариялауға қарсы болған христиан шіркеуінің ғалымдары қуғындалды, дарға асылды, атылып өлтірілді. Дін өкілдерінің Көне Римнен Шығыс елдеріне, Александрия, Грекия, Сирия, Иемен жерлеріне қашып, жан сауғалау амалына байланысты аталған аймақтарда алғашқы христиан шіркеулері монахтар келиялары пайда болды. Өкінішке орай христиан өлкелеріндегі шіркеу ұйымдастырған қырғын-сүргін тоқтаусыз жалғаса берді. Инквизиция отына өртелген ғалымдар, өнер қайраткерлері мен түрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдері аз болған жоқ. Адамзат тарихында бұл кезеңдер қасірет пен қайғы кезеңі ретінде мәңгі ұмытылмастай болып қала береді. Өкінішке орай Рим шіркеуі мұны әр дәуірде түрлі сылтаумен сан түрлі айлакерлікке ұластырып қайталап отырды.

ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ. жаңартылып, жаңа бағдарламалармен жұмыс жасайтын дін атын жамылған саяси топтар Батыс елдері мен АҚШ-нда айрықша қолдауға ие болды. Бұлардың 95%-ға жуығы католик шіркеуі қуғындауынан қашып немесе оған қарсы «протестум» жариялағандардың қатарынан таңдалды. Әлемде көптеген елдердің ішкі заңдарына бағынбай, бүлдіруші, зиянды істері және мемлекет бірлігі мен халықтың тыныштығын кетірген қауіпті әрекеттері үшін қудаланып, аласталған ұйымдар қатарында Иегова куәгерлері, Елуіншілер, Жетінші күн адвентистері, Грейс Благодать, Жаңа

өмір, Саентология, Сатана шіркеуі т.б. толып жатқан аты мен заты құпияланып, құбылып, мың өзгеріп отыратын топтар бар. Бұлардың әрекет-амалдары, жамағат пен жұмыс тәжірибесі бірнеше ғасырлар бойына жетілдіріліп, жаңа заман ерекшеліктеріне орай икемделіп, дамытылып отыр. Нәтижесінде өздері күткендей күнәсіз халықтар мен мақсат етілген аймақтар тұрғындарына бұл ұйымдар психологиялық шабуылдарды дүркін-дүркін ұйымдастырып оларды материалдық шығынға ғана емес денсаулықтарына да айтарлықтай зиянын тигізіп келеді. Аталған ұйымдардың қай-қайсысына да қатысты адам өліміне итермелеу фактілері тіркеліп жатқаны жасырын емес. Осы ұйымдардың тыңдаушыларының 93% денсаулықтарынан айырылып, 25%-ы суицидке баратынын әлеуметтік-психологиялық зерттеулер қорытындысы анықтағаны да жария етілген.

Мемлекет тірегі ретіндегі жанұя мүшелерінің осындай дәстүрлі емес зиянды ағымдарға тартылуы бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болып тұр. Өз объектісі ретінде олардың жанұяны таңдауы жайдан-жай емес. Жанұяны бүлдіру арқылы семья бірлігі, жанұя мүшелерінің тағдыры ғана емес, мемлекет бірлігі мен тұтастығы оның тұрғындарының да тағдыры тәлкекке түсетіні ақиқат. Демек, мықтылар саналып, әлемдік үстемдіктің дәмін татып қалғандар қатарындағы сыртқы күш алпауыттары дінді саяси құрал ретінде пайдаланып, байлық үшін қандай да бір елдердің халқын қырып-жоюға ойланбастан бара алатынын дәлелдеп отыр. Аталған жағдайлар соңғы екі ғасырдың көлемінде белгілі елдерде орын алып, күні бүгінге дейін «нәтижелі жеміс» беріп тұр.

Орта Азия елдерінде аталған ұйымдардың жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Көрші Қырғызстан жерінде олар жергілікті ұлттардың ұлыстық-конфессиялық айырым-арақатынастарын Қазақстан өлкелеріндегі жағдайлармен салыстыра отырып зерттеу үстінде. Қырғызстан жеріндегі мазар мен әулиелік культ рәсімдерін мақсатты түрде қолдай отырып, шамандық және жалған тәңіршілдік сенімдеріне байланыстыра араластыру арқылы оларды ұлттық халықтық ислам ретінде ұғындыруға тырысып бақты. Бұл үрдіс Қазақстанда да жүргізіліп келеді *Орта Азия журналы, 1997. Арада бір он жылдық қарасы ұзамай-ақ қырғыз халқының тарихын келімсек діндер тарихының аясында қайта баяндау, жалған мағлұматтармен тарихи шынайы деректерді бұрмалау пәрменді жүргізілді. Осындай әрекеттің Қазақстан тарихына қатысты да орын алғанының куәсіміз. Мысал ретінде Алматыда жарық көрген Е.Манарбек дегеннің атынан Қазақстанда мәсіхшілдіктің тарихы атты еңбек жарық көрген. Оның баяндауынша Қазақстан жерінде б.з.б. І-ІІ ғасырлардан бастап христиандық сенім орныққан болып шығады. Мұны әдейі арандату амалы демеске шара жоқ.

Әйтпесе тарих мұндайды білген емес. Тарихи шындық басқаша сөйлейді.

Енді мұның аймаққа тән ерекшеліктеріне қарай ойысар болсақ, аса көп айырмашылықты байқай аламаймыз. Ерекшелік тек ортаға байланысты. Қазақ ежелден ханифтік діннің діңгегіне өріліп, Жаратушыны жалғыз деп таныған. Сондықтан келімсек діндердің көпқұдайлықты немесе пендеге, от-су, тау-тасқа табынуды уағыздайтын шалағай сенімдерін шынайы пейілмен қабылдай қоймайды. Қабылдап жүргендері кездесе қалса, олардың екі жақты да алдап, екі жүзділікпен екі асап «көбірек оттаймын» деген сасық қулығы болар. Әйтпесе, бір Жаратушының ғана бар екенін, Оның екеу немесе үшеу (христиан сеніміндегідей) болуы «абсолюттік абсурд» болып шығатынын бүкіл әлем мойындаған уақыт қой. Осы арада кейбір отандастарымыздың сыртқы саяси топтардың сойылын соғып, Отанына «қаскөйлік» жасаған қадамын есі дұрыс кісі қолдай қоймасы анық. Мұны оларға жеткізу, ұғындыру жағы кемшін болып тұрған жайы бар.

Біреудің сорынан екінші біреу бақыт табады дегенге кім сене қояр екен? Алдау-арбауға түсіп, білместікпен от басып, ошағы ойран болған жанұялар кездесетіні рас. Оларға өкілетті органдар мен құзырлы мекемелер мамандары көмекке келеді. Оңалту орталықтары жұмыс жасап жатыр. Сенім телефондары орнатылған. ОҚО-ның ішкі саяст басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығы» анықтамалық-ақпараттық, теологиялық-психологиялық көмектер көрсетеді. Халық арасында түрлі әлеуметтік топтарға арналған арнайы кешенді бағдарламалар арқылы елді мекендер мен мектеп, колледж, ЖОО-ның оқушы-студенттеріне дейін толық қамтып кең көлемді түсіндіру жұмыстарын тұрақты атқарып отыр.

Теріс ағымдардың негізгі қолдаушысы сыртқы елдерде екенін ел түсініп қалды. Солай екенін біле тұрып, мұсылмандық үрдіс пен ислам әлеміндегі түрлі-түсті төңкерістердің құпиясын жетік білмеуден ол елдерге көмек беру керек деп ойлайтындар жастар арасында кездесіп отыр. Әсіресе мұсылманшыл болу – аңғалдық көрінісі ғана емес, мәселенің шын болмысынан бейхабар жастарымыздың әлі де болса кездесетінін көрсетеді. Олардың діни де саяси да сауатын ашу мәселесі күн тәртібінде тұр. Барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, оларды жедел сауаттандыруға күш салу керек деп ойлаймын. Ол жастар осындай ағат қадамдарымен өздерін ғана қақпанға түсіріп қоймай, бүтін халықты тұтас мемлекеттің тұрғындарын аңдысқан айлакер жаудың апанына құлататынын, сонысымен Ирак, Ауған елдеріндегі сияқты шеті-шегі жоқ қанды қырғын-соғыс өртін өз Отанына алып келетінін түсіне алмай жүрген сыңайлы. Егер біле тұрып, сондай қадамдарға

сепаратистік пиғылмен барғандары анықталар болса ондайларға кешіріммен қарауға хақымыз жоқ дер едім. Оның себебі түсінікті болса керек.

Біздің қоғамның айрықша ерекшеліктерінің бірі – біз ашық, демократиялық, зайырлы, сондықтан да, әлемнің қандай да бір елімен саяси-экономикалық, діни-рухани, әлеуметтік-мәдени құрылым-жүйесінің ерекшеліктеріне қарамай қарым-қатынасқа батыл барып отырған Орта Азиядағы бірегей елміз. Осыншама ауқымды қарым-қатынастарға есік айқара ашылғанда елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жолдауларында айтылғандай біздің көп ұлттылығымыз бен көп конфессиялылығымызды әртүрлі саққа жүгіртіп, жорта жорып, жақсы демегендері аз болған жоқ. Осындай сын сағаттарынан сүрінбей өтіп келе жатқан елді нысанаға алғандар әлі де болса өз еркінде қалдырғысы жоқ. Халықты құдайсыз атеист ету де немесе әсіре діншіл етуге құштарлық та өздігінен болып жатқан құбылыс емесі анық. Қапысын тапса қалауынша қуыршақ етіп ойнатары, сөйтіп халықты азапқа салу, ұлтты жою олардың арманына жеткізер жол. Сонда ғана иесіз ен байлық пен стратегиялық мәні бар үлкен аймаққа еркін қожалық ете алады. Дәстүрлі емес діни ағымдардың шығыстық та батыстық та қандай да бір түрлерінің елімізде сайран салуының мәнісі осындай. Оларға христиандық, будда немесе иаһуди яки мұсылмандық деп те қараудың пәлендей мәні жоқ деуге болады. Себебі кез келген бүлік ол кімнің тарапынан болмасын ел, ұлт, мемлекет тұтастығына төнетін қауіп. Ол қауіптен тек қана тағы да ел, ұлт, мемлекет бірлігі ғана сақтай алады.

Дін атын жамылған саяси ойын осы ғасырда ерекше мәнге ие болды. Конфессия және этносаралық текетіресті дүрдараздық ахуал қалыптастыруда оның икемділігі анық көрінді. Үндістан-Пакистан, Иран-Ирак елдерімен ауған-тәжік, түрік-курд ұлыстары арасында әлгі ойыншылар бірде діни ұстанымдарды бірде этникалық әдет-ғұрыптарды сылтауратқан соғыс қақтығыстар отын тұтатып отырды. Өкініштісі бұған жергілікті халық тартылып, олар өз қолымен өздері жеткен жетістіктерін, жерін, материалдық игіліктерін өртеп, қиратып, талан-таражға салып отырды. Мұнда тобырлық психологияға жүгіну әдісі көрініс табады. Бірді-бірге, көршіні көршіге, досты досқа, мұсылманды мұсылманға қарсы айдап салу бұл күнде аса қиын шаруа емес. Ең бастысы бұл механизм қараңғы, сауатсыз ортада аса үлкен қарқынды күшке айналу мүмкіндігін тудыра алады. Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Орталық Азия елдерінің басынан кешіп отырған айтулы оқиғалар жоғарыда айтылған діни-әлеуметтік жағдайларға жапсарлас ыңғайластырылған деуге болады.

Мұсылман елдерінің осындай жай-күйі аталған аймақтың жаппай сауатсыздық шеңберінде қалуымен ғана түсіндіріле алады. Әрине, саяси-әлеуметтік, шаруашылық-экономикалық, рухани-мәдени тұрмыс-тіршілік ерекшеліктері есепке алынар, дегенмен, ең негізгі күш-қуат өндіріс капиталының, жер асты байлықтарының жергілікті халыққа жұмыс істемеуі немесе жолға қойылмауының өзі жергілікті мамандардың тапшылығын туындатар болса керек. Әлемдік деңгейдегі маман экспорттау саясатының қыр-сыры, ұңғыл-шұңғылы көп дүние екендігі жасырын емес қой. Өз кезегінде ол да бір амалсыздың шарасы екені анық. Себебі ол негізгі мәселе ретінде мемлекеттік деңгейде жолға қойылмаған, шешілмеген күйі солай жалғасып отырған. Саяси-экономикалық құрылымдардың неше түрлі қат-қабаттарға жіктеліп, талданып жатқан бүгінгі күні қандай да бір елдің экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени дамуын қамтамасыз ететін өзіндік моделі табылмауы да іскерлік пен біліктіліктің кемшіндігін көрсетсе керек. Дегенмен де мұсылман елдерінің соңғы ғасырларда ғылыми-техникалық, мәдени-рухани, әлеуметтік-тұрмыстық даму деңгейі айта қаларлықтай емес екені жасырын емес. Мұнда да білім, ғылым, сауаттылық деңгейінің төмен екені анық көрініп тұрады.

Бір емес, осындай бірнеше ондаған мұсылман елдері бұл жағдайға қалай кез болып отыр? Геосаяси, ықылымдық немесе экожүйе ықпалы ма? Уақытша қалыптасқан кездейсоқ жағдайлардың шоғыры ма? Жоқ. Мұнда заңдылықтар нәтижесі көрініс тапқан. Мәселенің түпкілікті тамырларын тарқата таратар болса, ол әлденеше ғасырлар мен өркениеттік арабайланысты сабақтастықтарға жалғасары анық. Біз өркениеттік, мәдени қарым-қатынастар деңгейде өз болмысымыз бен ортамызға көлеңкесі түсіп тұрған құбылыстардың бір парасын ғана сөз етсек жарар. Демек, мұсылман мәдениеті, әдебі, моральдық биік ұстыны бола тұрып, заманауи даму үдерісінде қауқарсыз қоғам құру берекелі іс емес екенін мойындаған ләзім. Бірінші кезекте елбасымыз Н.Ә.Назарбаев көтерген «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты үндеу қазақстандықтарға ғана емес, бүтін мұсылман дүниесіне қатысы бар мәселе дер едім. Еңбексіз қоғам өз-өзінен-ақ іріп-шіритінін былай қойғанда, онда болашақ үшін мақсат, жоспар құру оны іске асыру желілері мен тәжірибе тәсілдерінің тамырларына дейін жойылып кету қаупі басымдық алады. Мұндай қоғам қалайда құрдымға кетері анық. Одан аман қалу үшін қоғамды еңбекке баулудың жан-жақты ойластырылған кешенді бағдарламасының заманауи деңгейін ең жаңашыл талаптарға жауап беретіндей етіп құра білген жөн де оның іске асуына тосқауыл болатын қандай да бір кедергілерді болдырмау қажет. Бұл арада түрлі әлеуметтік топтардың еңбекке енжар қатынасын қалыптастыратын қандай да бір ұлттық үрдісі болса да өмір сүруін тоқтатуы тиіс. Ондайдың тамырын қиып отыру да оп-оңай шаруа емес. «Құдай қаласаны» мың қайталағанымен шаруаға қырсыздықтың ұшығы жалқаулық, керенаулық, епсіздік сықылды енжар күй кештіретін кеселдер жалпылық сипат алуы да қара көрсетіп жатады. Еріннің ұшындағы «Алла» жүректі жылыта алмаса не пайда? Жүректі түртіп, қайрат бермесе «ен шалла» да қонақ кәделік қауқары болмасын көрсетіп жүр емес пе? «Ен ша а Алла» мен іш кептіру мұсылмандықтың мәдениет пен әдептің шынайы көрінісі емес екеніне таласа қоймассыз. Бірақ бұл әдет мұсылман әлемін алқымынан алып буындырып, адымын аштырмайтын, көптің көкірек көзін шел мен щерге толтырып, құрдымның ұйығындай қоғамның сағын сындыратын ауыр дерт. Амалға пейілі болмаған соң ауыздағы Алладан аманатқа қайыр түспей тұр. Аманатқа қиянат қылу белең алған сайын қоғам зор апатқа кезігері заңдылыққа айналады.

А.Төлегенов,

ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0
Предыдущий материал
Әрбір істің басы – сабыр