Тойға шетелдік жұлдыздарды шақырудан бас тартып, ол қаржыны балалар үйі мен мешітке үлестіріп берген жас жұбайлар елді сүйсінтті, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.
Youtube видеохостингінде Didar Abu Arafat деген есіммен тіркелген қолданушы керемет оқиғаның видеосын бөлісті. Онда жас жұбайлардың шаңырақ көтеру тойына ата-анасы сыйлық ретінде Рамазотти, Хэдэвэй сынды әлем жұлдыздарын шақырмақ болғаны айтылады. Алайда жастар ол сыйлықтан бас тартып, бірнеше миллиондаған қаржыны балалар үйі мен мешітке қайырымдылық ретінде үлестіріп бергені баяндалып, тіпті ерлі-зайыптылардың балалар үйі мен мешітке арнайы барғанын көруге болады. Видеода жас отаудың отағасы туыстарынан кешірім сұрап, қалыңдығы екеуі сондай шешім қабылдағанын мәлім еткен. Олардың бұл шешемінің ата-аналары бірден қолдапты.
«Құрметті достар, туыстар, қонақтар. Біздің отбасымыз үшін маңызды болып табылатын осы бір кешке келгендеріңізге рахмет айтқымыз келеді. Алайда сіздердің алдарыңызда біз кешірім сұрамақпыз. О баста ата-атанымыз тойға шетелдік жұлдыздарды шақырып, бізге сыйлық жасамақ болып еді. Бірақ біз одан бас тартып, қаржыны қайырымдылыққа жұмсауды ұйғардық»,-дейді жас отау иесі. Мұны көрген желі қолданушылары олардың әрекеті жаппай қолдауға ие болып, бүгінде мейірімді жастардың барына риза болған қазақстандықтар жас жұбайларға бақыт тіледі. Дегенмен қолданушылар арасында жасаған жақсылықты жария етудің қажеті жоқ деп сөккендер де бар.
Қазақстандық кейбір сайттарда жас жұбайлар той жасаудан бас тартыпты деген ақпарат тарап жүр. Біз жас отау иелерінің ортақ танысына хабарластық. Айтуынша, қайырымдылық жасаушылар Астана қаласының тұрғындары. Үйлену тойы шамамен бір ай бұрын өткен. Қайырымдылыққа жұмсалған ақша шетелдік жұлдыздарды шақыруға қарастырылған қаржы екен.