воскресенье, 28 апреля 2024 г.
icon
443.35
icon
475.54
icon
4.82
Алматы:
icon
9oC
Астана:
icon
17oC
1xadv
×

Павлодарға Өзбекстан, Қытай және Моңғолиядан білім алуға 75 студент келеді

С.Торайыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде биылғы жылы 1-қазан күні шетелден білім алуға келген қазақ балаларына арналған дайындық курсы басталады, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

ПМУ дайындық («Foundation») факультетінің деканы Сәуле Кісембаеваның айтуынша, аталмыш бағдарлама ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы жоспары бойынша жүзеге асырылуда. Биыл мұнда Қытай, Өзбекстан және Моңғолия елдерінде тұратын қазақ балалары қабылданады. Дайындық курсы 2017 жылдың шілде айына дейін жалғасады.

«Маусым айында Моңғолияның Баян-Өлгей және Қобда аймақтарында болып, сол жақта тұратын қандастарымызға үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, Қытай және Өзбекстан елдерінде тұратын қазақ жастарына бұрын осында оқыған түлектер арқылы шақырту жібердік. Себебі ол жаққа баруға мүмкіндігіміз болған жоқ. Бір Моңғолияның өзінен 170-ке жуық бала тіркелген болатын. Бірақ бізге сынақтан өткендері ғана келеді. Сынақты Астанадағы Ұлттық тестілеу орталығының мамандары алды. Оқу бағдарламасы бойынша олар қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы, математика пәндері бойынша дайындалады да, келесі жылы кешенді тестілеуге қатысады. Студенттер тегін жатақханамен қамтылатын болады», — дейді Сәуле Кісембаева.

Айта кетерлігі, былтыр С.Торайғыров атындағы ПМУ-да дайындықтан өткен шетелден келген 25 түлек еліміздің жоғары оқу орындарына түскен. Биыл Қазақ елінде білім алғысы келетін қазақ жастарынының саны былтырғыдан үш есеге артып отыр.

Павлодар облыстық статистика департаментінің мәліметінше, өңірдің жоғары оқу орындарының студенті атанған 44 азамат алыс шетелден білім алуға келген. Олардың ішінде 20 қытайлық, 15 моңғолиялық, төрт германиялық, төрт кореялық, бір түркиялық бар. Сонымен қатар, ТМД елдерінен келген 77 студенттің 56-сы – ресейлік. Павлодардағы жоғары оқу орындарының екеуі – мемлекеттік. Онда 8970 студент оқиды.

Студенттерге 1065 оқытушы мен профессор дәріс береді. Олардың қатарында 329 магистр, 26 – философия докторы (PhD), 87 – ғылым докторы, 465 – ғылым кандидаты, 65 – профессор ғылыми атағы және 276-де доцент білім беруде.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0