среда, 27 ноября 2024 г.
icon
498.51
icon
522.84
icon
4.81
Алматы:
icon
1oC
Астана:
icon
-5oC
×

Орал өңірінің экономикасы технологиялық тұрғыдан жаңғыртылуда

Ұлт жоспарының үшінші бағыты индустрияландыру мен экономикалық өсімге арналғаны белгілі. Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Өңір басшылығы жаңа өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тартуға жете мән беруде, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Өткен жылы облыс экономикасына 355 млрд теңге инвестиция тартылған болатын. Ал бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібі бойынша облыс аумағында Орал қаласының (70%), Бөрлі (14%), Зеленов (6,5%) және Теректі (5,5%) аудандарының үлес салмақтары басым. Ал өзге аудандар ауыл шаруашылығы саласын дамытумен дендеп айналысуда.

Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы­­ облыс экономикасына тың серпін берді. Соның нәтижесінде өндіріс нысандары артып, жұмыс орындары көбейді. Мәселен, аталмыш бағдарламаның бірінші бесжылдығында, яғни 2010-2014 жылдар аралы­­ғын­да облыста жалпы құны 257,6 млрд теңгенің 31 инвести­циялық жобасы іске қосылып, 1828 тұрақ­ты жұмыс орны ашылды.

Екінші бесжылдықта Ақ Жайық өңірінде 72 млрд теңгенің 11 жо­басын іске қосу көзделуде. Соның нәти­жесінде 469 жұмыс орны құрылмақшы. Осы жерде екпін түсіріп, айта кетейік, жаңадан ашылатын жұмыс орны бірінші бес жылдықпен салыстырғанда төрт еседей аз. Мұны облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары жаңа жобалар соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталғанымен, яғни автоматтандырылғанымен түсіндіреді, сол себепті олар адам күшін көп қажет етпейді.

 Жоспарланған 11 жоба­ның екеуі өткен жылы жүзеге асырылды. Оның бірі – «Батыс Пауэр» ЖШС-ның «ГТЭС 200 МВт. 100 МВт бірінші іске қосу кешені» жобасы. Бұл жо­ба­ның облыс үшін маңызы зор. Өйткені ол Жайық жұртшылығын энергетикалық тә­уел­ді­ліктен біржолата құтқар­мақ. Атал­мыш компания бұл жобаны то­лықтай жүзеге асыруды 2017-2019 жылдарға жоспарлап отыр. Былтыр қуаты 200 МВт болатын газтурбиналы станса құрылысының бірін­ші кезеңі пайдалануға берілді. Орал қаласының маңындағы Зеленов ауданындағы Белес ауылында орналасқан жаңа өн­ді­ріс ошағының болашағы зор. Индустрия­ландыру картасы арқылы жүзеге асырылған екінші жоба – облыстың ең шалғай ауданы саналатын Бөкей ордасындағы сүт өнімдерін өндіретін цех. Бұл жоба бойынша жаңа өндіріс орны тәулігіне 500 литрге дейін өнім шығара ала­ды. Аудан орталығы - Сайқын ауылында орналасқан бұл цехта пастерленген сүт, қай­мақ және айран өндіріледі. Өнім­ді Ресейге шығару да көзделуде.

Жоспар бойынша биыл Батыс Қазақстан облысында жеті жо­ба іске қосылуы тиіс. Мұның үшеуі өткен жартыжылдықта жүзеге асты деуге болады. «Конденсат» АҚ-ның  К-5 экологиялық класты жоғары стандартқа сай жанар-жағармай өндіру жобасы ағымдағы жылдың 1 шілдесінде Елбасының қатысуымен өткен телекө­пір шеңберінде іске қосылғанына барша қазақстандықтар куә болды. Бөрлі ауданында орналасқан аталмыш өндіріс орнында қа­зіргі уақытта құжаттарды рәсім­деу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіп­­орынның алғашқы өнімдері жақын аралықта нарыққа шығарылмақ. 2012 жылдан бастап қол­ға алынған бұл  жоба Кеден одағының техникалық рег­ламент талаптарына сай жоғары октанды этильденбеген бензин шы­ғаруға бағытталған. Кәсіп­орын­да болашақта 200 мың тоннадан астам жоғары сапалы отын өндірілмек, сөйтіп аймақ­тың жа­нар-жағармай импортына тәуел­ділігі жойылады. Яғни ендігі жер­де облыс пен көршілес өңірлер Ресейдің жоғары сапалы жа­нармайына тәуелді болмайды.

«Фирма Родник» ЖШС-ның бөтелкедегі ауыз су өн­діретін кешені – екінші жоба.  Аталмыш кәсіпорын 5 мың литр су шығарды.  Биыл жүзеге асқан үшінші жоба – «Батыс Нық» ЖШС-ның етті қайта өңдеу кешені. Қазіргі таңда мұнда жабдықтар­ды тексеру жұмыстары жүр­гізілуде. Өнім осы ай­дың соңына дейін шығарылады деп күтілу­де.

Ал қалған 4 жоба жыл аяғына дейін іске қосылуы тиіс. Соның бірі – ұсақ бетондық бұйымдарды шығару бойынша зауыт құрылысы. «Спецстройсервис» ЖШС-ның бұл жобасы бойынша бүгінде құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталды. Қазіргі уақыт­та зауытқа неміс жабдықтары жеткізіліп, кәсіпорынды іске қо­су жұмыстары жүргізілуде. Екіншісі, «Орал Полимер» серіктестігінің темірбетонды жабын плиталарын өндіруді ұйымдастыру ба­ғытындағы  жобасы.  Бүгінде бе­тондық бұйымдарды шығаруға арналған жобаны іске қосу жоспарлануда, мұндағы құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқтал­ды. Үшінші  жоба – «Зенит» Орал зауыты» АҚ-ның құрғақ салмағы 600 тоннаға дейін болатын жаңа класты кемелер өндірісін игеру және ірі габаритті өнімдер шыға­ру жобасы. Кәсіпорында бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Төртінші жоба – бекіре балықтарын өсіру мен қара уылдырық шығару аквакешенінің құрылы­сы. «Тәжірибе-өнеркәсіптік аква өндірісінің оқу-ғылыми кешені» ЖШС-на қарасты бұл жоба «Парасат» АҚ-ның қатысуымен жүзеге асырылуда. Аквакешен то­лық қуатында жұмыс істегенде 131 тонна балық еті, 10 тонна уыл­дырық өндірілмекші. 42 адам осы жерден өз нәпақасын табатын болады. Қазір кешенге инженерлік желілер тартылуда. Зауытқа қажет құрал-жабдықты жеткізу мен монтаждау бойынша технологиялық се­-
ріктес ретінде бұл салада үлкен тәжірибесі бар  ресейлік компа­ния таңдалып алынды. Ал құрал-
жабдық Еуропадан жеткізілмекші. Бұл жоба бойынша ғылыми-технологиялық өнеркәсіп аква­кешенінің негізінде тұнық сумен қамтамасыз ету жағдайында бекі­ре балықтар өсіріліп, қара уыл­дырық шығарылады. Бұл қазіргі таңда тым азайып кеткен бекіре балығы мен қара уылдырық өн­дірісін қалпына келтіруге мүм­кіндік береді.

Ал қалған екі жоба 2017-2018 жылдары жүзеге аспақшы. Оның алғашқысы «Foamsil» Орал пеносиликат­тық компаниясы қолға алғалы отырған минералдық ұн­тақ, сұйық натрилық шыны жә­не пеноәйнек шығаратын зауыт құрылысы. Ал екіншісі - «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ-ның шағын кемелер өндірісін кеңейту және жаңарту бойынша жобасы. Құны 2,4 млрд теңге болатын бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда тағы 103 жұмыс орны ашылатын болады.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Миржан Сатқановтың айтуынша, индустриялан­дыру картасына алдағы жылдары шамамен жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге болатын тағыда үш жаңа жобаны енгізу жұмыстары жүргізілуде. Олар: кірпіш өндіру бойынша зауыт құрылысы («134» ЖШС), ет өңдеу кешені («Кублей» ЖШС), ірі  қара малы мен ұсақ мал терісін өңдеу цехы («Пош Руно» ЖШС). Егер бұл жобалар ойдағыдай жүзеге асып жатса 200-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Индустрияландыру бағытындағы бұл жұмыстар Батыс Қазақстан облысының экономикасын технологиялық тұрғыдан жаңғыртылуына жағдай туғызып отыр. Енді олар өзге елдерге кәсіпорындармен бәсекелес бола алады. Сөйтіп жергілікті кәсіпорындар өз өнімдерін сыртқы нарыққа қиналмастан экспорттай алады.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0