понедельник, 25 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-5oC
Астана:
icon
-4oC
×

Болашақ құрылысшылар ислам құндылықтары жайында дәріс алды

Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Құрылыс және көлік» факультетінде оқитын студенттер дін саласының мамандарымен кездесіп, исламның құндылықтары жайында пайдалы дәріс алды, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Іс-шараны ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ ұйымдастырып отырғанын айта кету керек.

Аталған орталықтың теолог-маманы Б.Омарбаев жастарға ислам құндылықтарымен бірге, қазіргі қауіпке айналған діни экстремизм және терроризм жайында да баяндама оқыды. Сондай-ақ, кездесуде дәстүрлі емес ислам ағымдары, деструктивті секталар жайында сөз болып, олардан келіп жатқан залалдар түрлі мысалдармен келтірілді.

«Ислам – бейбітшілік және тыныштық діні. Ислам – кісі қанын мойнына жүктеп, елдің арасына іріткі, ылаң салып, террорлық іс-әрекеттерге баруға қатаң тыйым салады. Террорлық іс-әрекеттер болған елде бейбіт тұрғындар әсіресе жастар көп зардап шегіп, елдің берекесі кетеді», - деді кездесу барысында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ өкілі Б.Омарбаев.

Жиыннан жақсы әсер алған студенттер мәзһаб, ислам ақидасы (сенім)  және басқа да толғандырған сұрақтарын қойып, маман тарапынан дәлелді, дәйекті  жауаптарын алды. Кездесу барысында түрлі ағымдар мен секталардан сақтандыруға арналған Дін істер басқармасы  «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» дайындаған арнайы бейнеролик көрсетіліп, кітапшалар таратылды.

Айта кетейік, дәл осындай кездесулер Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудан-қалаларында өткізіліп келеді. Тіпті, шалғайда орналасқан елдімекендерге де дін мамандары барып, жергілікті тұрғындармен, жастармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Мұндай алдын алу шараларының жаппай өтуіне биылғы жаз айларында Ақтөбе мен Алматыда орын алған лаңкестік оқиғалардың себеп болғанын да айта кету керек. Дін атын жамылған салафилік ағым ұстанушылары аталған терактілер кезінде оннан астам адамды ажал құштырған болатын.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0