Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов «Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы аймақтық бизнестің ынтымақтастығы» тақырыбында өткен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ІІ халықаралық аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысты. Форум 25-26 ақпанда өткен.
Халықаралық форумға екі елдің аймақтарынан делегациялар қатысып, жан-жақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, форум аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Мамин, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А. Арипов және өңір басшыларының қатысуымен кездесу өтті.
Форум аясында панельдік сессиялар, бизнес өкілдерінің B2B кездесулері, кеңейтілген отырыс және екі мемлекеттің тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, су-энергетикалық, тоқыма, машина жасау, туристік, экологиялық салаларда, сондай-ақ, қаржы технологиялары мен аймақаралық ынтымақтастық саласындағы екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселелері туралы айтылды.
Ұлттық және аймақтық бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын ірі жобалардың бірі — «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы. 2005 жылы САРАТС-тың бірінші фазасы шеңберінде (Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау) үлкен және Кіші Аралдың арасында Көк-Арал бөгетінің 13 км салу оң нәтижесін берді. Мәселен 2006 жылдың наурыз айына қарай Кіші Аралдың деңгейі көтеріліп, теңіз деңгейінен 42 м белгіде тұрақтанды.
Кездесу барысында Қызылорда облысының әкімдігі мен Өзбекстан республикасы Хорезм облысының хокиматы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Мемарандумның басты мақсаты- екі ел арасындағы қазіргі достық қатынастарды нығайту, шаруашылық қызмет субъектілері арасында тікелей байланыстар орнату және ұзақ мерзімді экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, іскерлік, сауда қатынастары мен байланыстарды дамытуды көздейді. Мұнан бөлек Қызылорда облысынан арнайы барған индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік және туризм басқармалары жергілікті кәсіпкерлермен және мемлекеттік орган өкілдерімен кездесіп, ортақ жобаларды жүзеге асыру мақсатында келіссөздер жүргізді.
«Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы аймақтық бизнестің ынтымақтастығы» тақырыбындағы форум аясында өңір өнімдерінен арнайы көрме ұйымдастырлыған болатын. Бұл шараға Қызылорда облысынан бес тауар өндіруші мекеме: «Абзал и К», «Аралтұз» АҚ, «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС, «Смарт Раббер» ЖШС және «РЗА» АҚ өкілдері қатысты. Көрмеде күріш, азық-түлік, цемент өнімдері, тамшылатып суару құбырлары мен сүт өнімдері келушілер назарына ұсынылды.
Облыс әкімі Қ.Ысқақов Қызылорда өңірімен бірлесіп жұмысістеуге мүдделі жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Олар Шиелі ауданында жеміс ағаштарын егіп, өсіруге ниетті. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорын өкілдері Сыр өңірінің ауыл шаруашылығына қажетті минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге қызығушылық танытып отыр.