Еңбек, әлеуметтік қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Төреахмет Жолымбетов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында әлеуметтік төлемдер туралы мәлімдеді.
Онлайн брифинг барысында департамент басшысы 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайлы мәлімет берді.
«2020 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 5%ға артты. Сондай-ақ, жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшерін есептеу 46 айлық есептік көрсеткіш (127 788 теңге) мөлшерінен аспауы тиіс. Оған қоса, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, әлеуметтік жәрдемақы мөлшері, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана мен бала асырап алушыға, қамқоршыға берілетін жәрдемақы, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты берілетін жәрдемақының ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғарылауына байланысты өсті», — деді Төреахмет Сайлаубайұлы.
Қызылорда облысы бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алушылар саны — 247,4 мың адам. Төреахмет Жолымбетов бірінші және екінші тізімдердегі мемлекеттік арнайы жәрдемақы және бала тууына байланысты біржолғы төленетін жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейінгі төленетін, көпбалалы отбасыларға, көп балалы аналарға ай сайынғы төленетін жәрдемақылар мен арнаулы жәрдемақы көлемінің айлық есептік көрсеткіштің жаңа мөлшерін ескере отырып көбейгендігін жеткізді.
Нақтырақ айтқанда, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — 2 778 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері — 40 441 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) — 32 668 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 17 641 теңге, жалақының ең төмен мөлшері 42 500 теңгені құрайды.