Қызылордалықтар Ұлы Жеңістің 75 жылдығын онлайн форматында тойлайды

Биыл Қызылорда облысы Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығын тойлау шараларын онлайн форматта өткізетін болады. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Әбішев мәлімдеді.

Қызылордалықтар Ұлы Жеңістің 75 жылдығын онлайн форматында тойлайды

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясына байланысты еліміздегі енгізілген төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін созды. Осыған орай, биылғы жылғы Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу шаралары онлайн форматта өтеді», — деді Еркін Әбішев.

Оның айтуы бойынша, аталған іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп те қойған.

«Шаралар облыс әкімінің онлайн құттықтауымен басталып, ары қарай жаңадан іске қосылған «Сыр Шаңырағы» youtube каналында «Ел ертеңі - жас ұлан» атты әскери патриоттық концертімен жалғасады. Сондай-ақ, «Сыр елінің қаһарман ұлдары» атты облыс музейлері мен кітапханаларында тақырыптық виртуалды көрмелер, жас сарбаздардың «Мен әскердемін» видеочелленджі өткізіледі», — деп хабарлады ол.

Бүгінде облыс бойынша орталық даңғылдар мен Тағзым алаңдарына безендіру жұмыстары жасалуда.

«Алдын-ала тұрғындарды хабардар ету мақсатында жергілікті БАҚ-та, әлеуметтік желілерде «Мен батырдың ұрпағымын», «Отан қорғаушылар күні» тақырыптарында айдарлар ашылып,  кең көлемді ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, танымал тұлғалардың, әр салада жетістікке жеткен жерлестіріміздің (Белгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің,  әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ниязбековтың, мәдениет қайраткері Қаракөз Ақдәулетованың) бейне-құттықтаулары ұйымдастырылады», — атап өтті Е. Әбішев.

Барлық шаралар әлеуметтік желілерде #Отанқорғаушыларкүні #Менәскердемін #Қызылордажастары хэштегтерімен жарияланатын болады.

Биылғы жылдың басты мемлекеттік мерекесі Ұлы Жеңістің 75 жылдығына келсек, шараның алғашқы легі 23 сәуірде аймақ басшысы Гүлшара Наушақызының жариялаған «Жасампаз жасақ» онлайн форматындағы акциясымен басталған болатын.

Бүгінгі күні акцияны 250-ден астам қызылордалық қолдады.

Сонымен бірге, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында «Сыр Шаңырағы» youtube каналында «Сыр елім менің – жыр елім менің» атты мерекелік концерт және Сыр өңірі өнер жұлдыздарының мерекелік бейнеқұттықтауларын ұйымдастырылады.

«Сыр өңірі Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты виртуалды тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырылып, Сейтмұрат Ембергеновтің «Ана жүрегі» атты онлайн спектаклі қойылады.

Сондай-ақ, «Сыр Шаңырағы» youtube каналында «Жеңіске рух берген әндер» атты патриоттық әндер байқауы, «Майдан даласында жазылған хаттар Сыр мақамында» атты облыстық жыршы-термешілердің концерті ұйымдастырылады.

Мұнан бөлек, Ұлы Отан соғысына қатысқан 16 соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлеріне Жеңістің 75 жылдығына орай құттықтау, құрмет көрсету шаралары ұйымдастырылады.

Loading...

3 июля, пятница