Өңірде еріктілер жылын нәтижелі іске асыру мақсатында «Syr Volonterlary» орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы М.Қазбекова, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ. Жанұзақов және облыстық фронт-офистің жетекшісі Б. Айтбенбетов қатысты.
«Орталықтың жұмысына өңірдегі азаматтық қоғам институтары, жастар ұйымдарының өкілдері және облыстық ішкі саясат, жастар саясаты, денсаулық сақтау, мәдениет, білім, жұмыспен қамту басқармаларының және төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері жұмылдырылған.Орталықтың мақсаты — барлық волонтерларды бір орталыққа біріктіріп, халық игілігі үшін қызмет көрсету», — деді Мира Жомартқызы.
Волонтер болғысы келетін барша ынталы азаматтар «Syr Volonterlary» орталығының 401-110 номеріне байланысуына болады.
Сондай-ақ, орталық 7 бағыт бойынша онлайн форматта жұмыс істейтін болады.
Атап айтқанда:
1. Тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау шараларына волонтерлерді тарту бойынша «Birgemiz: Asyl mura».
2. Жоғалған адамдарды іздеу, зілзала қауіп-қатерін азайту және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жою бойынша «Birgemiz: Úmit».
3. Оқушылар мен студент жастарға үйірмелер, компьютерлік сауаттылықты арттыратын онлайн сабақтар мен курстар өткізуге бағытталған «Birgemiz: Bilim».
4. Онкологиялық диспансерлерде, ауруханалардағы науқастарға медициналық көмектер беруге бағытталған «Birgemiz: Saýlyq».
5. Қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалап, ағаш отырғызуға бағытталған «Birgemiz: Taza Álem».
6. Қарттар үйлеріне, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған «Birgemiz: Qamqor».
7. Өмірде қиын жағдайға тап болған жастарға, жас отбасыларға көмек беруге бағытталған «Birgemiz: Sabaqtastyq» жалпыұлттық жобалары бойынша.
Орталықтың мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 4А, Темірбек Жүргенов атындағы шығармашылық үйі.