воскресенье, 24 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-1oC
Астана:
icon
-11oC
×

Шығыс Қазақстанда ең үздік келінді таңдады

Дәстүрге айналған «Аяулы келін -2021» сайысы осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы байқау Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Облыстық жастар ресурстық орталығының  бастамасымен өткізіліп келе жатқан сайысқа он алты үміткер қатысты.

«Конкурстың басты мақсаттарының бірі – жастар арасында отбасылық құндылықтарды дәріптеп, үлкендердің өмірлік тәжірибелерін жас ұрпаққа өнеге ету, жас жанұяларда патриоттық сезімді қалаптастыру. Байқаудың іріктеу кезеңі әр қала мен ауданда өтіп, облыстық жарысқа үздік шыққан келіндер бақ сынасуға жиналды. Олардың әрқайсысы өз елді мекенінің намысын облыс деңгейінде қорғайды», — деді облыстық Жастар орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Шығыстың үздік келіні атану үшін өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған он алты келіншек ұлтымыздың салт-дәстүрлерін қаншалықты білетіндерін көрсетіп, қолдарынан келген өнерлерін ортаға салды.  Үміткерлер бірінші кезеңде бауырсақ пісіру, самауырында шай қайнатып, дастархан жаю сияқты сайыс түрлерінен сынға түсті. Осы жұмыстардың барлығын  ұлттық киімде атқара жүріп, комиссия мүшелерінің сауалдарына жауап берді.

«Ас – адамның  арқауы» сайысында келіндер қазылар алқасын ұлтымыздың ұмыт болған көне тағамын әзірлеумен таңдандыруға тиіс болды. Шығармашылық тур «Мен қазақтың қызымын» атты өзін таныстыру сайысынан және  «Өнерлі өрге жүзеді» байқауынан тұрды. Соңғысында үміткерлер бар өнерлерін паш етті.

«Тамаша сайысқа қатысқан он алты ару келіндеріміз  сахнаға танысуға шәйі орамал тағып, бүрмелі көйлек киіп, аққудайын таранып шыға келгенде төрдің сәні болды. Олардың әрқайсысы ізетпен сәлем салып жатқанда, ақжаулықты келіншектердің алдында басымды идім. Барлығы өнерлі, барлығы инабатты, барлығы сұлу, он саусақтарынан бал тамып тұр. Осындай қызды тәрбиелеген анасы, келінді гүлдей құлпыртып ұстап отырған енелері бақытты», — дейді эмоциясын жасыра алмаған комиссия мүшелерінің бірі, қоғам белсендісі Жұлдыз Ақтажанова.

Байқау келіндерді сынап қана қоймай,  бойжеткендерімізге болашақта дәстүрге сай ізетті, ибалы келін болу үшін өзін қалай ұстауды үйретіп, өз халқының салт-дәстүріп құрметтеп, дәріптеуді насихаттайды.

Коронавирусқа қатысты шектеу шараларының салдарынан жанкүйерлер саны аз болды.  Олар үміткерлерге қолдау көрсетумен қатар,  кей кездері ақыл-кеңестерін де айтып, қошаметтеп отырды.

Келіндердің барлығы да көрермендер мен қазылар алқасын көне  ұлттық тағамдарды дайындау шеберліктерімен,  қонақжайлылықтары және өнерлерімен тәнті етті. Тартысты өткен байқауда Үржар ауданының келіні Талшын Юсупахунова Шығыстың үздік келіні атанды.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0

В статье: