Атырау қаласындағы Абай көшесі мен Әуежай тас жолы бойында енді электр шамдары жарқырап тұрады. Сондай-ақ, тұрғындар көптен күткен Жұмыскер-1,2, Балауса, Бірлік, Ақсай, Ақжар, Дамбы, Жұлдыз және басқа да ықшам аудандарға автокөлік жолдары салынбақшы. Қала орталығынан бой көтеретін үш жаяу жүргіншілер көпірі де жаңалықтардың қатарын толықтырады. Бұл туралы VI шақырлыған Атырау қалалық мәслихатының кезектен тыс IV сессиясында мәлім болды.
Атырау қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай Қазиев ағымдағы жылы қала мен оның аумағына қарасты елді мекендердегі жалпы ұзындығы 47,7 шақырымды құрайтын 4,7 млрд. теңгеге барлығы 78 көшеге тас жол құрылысын жүргізу көзделіп отырғанын айтады.
Ал, Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаевтың айтуынша, қаражат қаралғанда ең алдымен маңызды деген саларға басымдық беріледі. «Алдымен әлеуметтік маңызы бар мәселелерге көбірек көңіл бөлдік. Туберкулез дертіне шалдыққан адамдарға көмек көрсетуге, мектеп, балабақша сынды мекемелердің қысқы мерзімге дайындығына, сондай-ақ, автокөлік жолдарын салуға мән берілді. Қаладағы Абай көшелері, Әуежай тас жолы бойын жарықтандыру мақсатымен күрделі жөндеу жүргізіліп, бұрынғы бағаналары қаланың өзге жерлеріне орналастырылады. Бұл тиімді шешім болды деп айта аламыз. Басқасын айтпағанда күні бүгінде қала маңындағы, оның ішінде жаңадан бой көтерген ықшам аудандарда 1 мың 557 км жаңа жолдар қалыптасса, соның 755 көшесі тас жол төсеуді қажет етеді. Қазір мүмкіндікке байланысты 110-160 көшеге жол салынатын болады. Одан бөлек, жаңа айтып өткен 47,7 шақырымды құрайтын 78 көше де бар»,- деген қала басшысы алдағы жылы да 184 көшеге жол төсеу үшін де 350 млн. қаражат бөлініп, сметалық құжаттары дайындалып жатқанына тоқталды.
Шаһар басшысы жауын жауса су толатын қаламыздың 11 учаскесіне кәріз жүйлеріне арналған насосты станция орнатылатынын да жеткізді. Қар суы еріп, жауын түскенде автоматты түрде жұмыс жасайтын жүйеге көшу жұмысы бастау алуда.
Қалалық мәслихат депутаттары бас қосқан жиында негізінен 2016-2018 жылдарға арналған қала бюджеті нақтыланды. Онда сөз алған Атырау қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Рулана Досқалиева мемлекеттік сатып алу нәтижесінде үнемделген қаражат төмендегідей мақсаттарға жоспарланғанын атап айтты. Амбулаториялық деңгейде ем алатын туберкулезбен ауыратын адамдарға әлеуметтік көмек көрсетуге – 25 млн. 134 мың теңге, білім беру нысандарында қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізуге – 135 млн. 109 мың теңге, автокөлік жолдары құрылысына 1 млрд. 100 млн. теңге, үш жаяу жүргіншілер өткелдері құрылысына – 245 млн. 465 мың теңге бөлінбекші. Және қаражат кәріз жүйелерін оңалту, «Жастар демалысы» саябағын салу секілді басқа да әлеуметтік маңызы бар салаларға жоспарланған.
Алина ЗИНЕЛ,
Атырау